Ақтөбеде орналасқан газ құю станциясында төтенше жағдай тіркелді. Едіге батыр даңғылындағы бекетте тұрмыстық газ баллонын толтыру кезінде жеңіл автокөлік отқа оранған. Бұл сәтті куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқан деп хабарлайды ozgeris.info сайты diapazon.kz сайтына сілтемемен.
Кадрларда өртке шарпылған көлік көбіктеліп сөндіріліп жатқаны және өрт сөндірушілердің қызу жұмысы анық көрінеді. Ақтөбе облысы ТЖД дерегінше, 25 литрлік тұрмыстық газ баллоны толтырылып жатқанда өрт тұтанған.
Оқиға орнына жедел түрде ТЖД, өрт сөндіру және медициналық қызмет өкілдері жіберілді. Мамандардың шұғыл әрекетінің арқасында өрт толықтай сөндіріліп, жалынның газ сақтау қоймалары мен басқа да нысандарға таралуы болдырылмады.
Өрт кезінде бекет операторы жарақат алып, мойны мен қолынан күйік шалды. Ол бірден ауруханаға жеткізілді. Қазір оның жағдайы бақылауда. Қызметтік тексеріс басталып, өрттің нақты себебі анықталуда.