Жаңалықтар

Алматыда 6 оқушы уланып қалды

Алматыда 6 оқушы уланып қалды

Алматыдағы мамандандырылған гимназиялардың бірінде мектептегі іс-шара кезінде жасанды түтін шығаратын құрылғыдан балалар зардап шекті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 9 ақпанда №199 мамандандырылған гимназияның акт залында өткен мәдени шара кезінде сахналық түтін шығаратын құрылғы пайдаланылған. Оны қолданғаннан кейін бірнеше бала өзін жайсыз сезініп, жөтеліп, көзінен жас аға бастаған.

– Гимназия әкімшілігі дереу қажетті шараларды қабылдады. Балаларды медицина қызметкері тексеріп, жедел жәрдем шақырылды. Алматы қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жасы 12-дегі алты бала "жасанды тұманнан улану" белгілерімен жеткізілді. Барлығы профильдік токсикология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайлары – орташа ауыр, тұрақты. Емдеу Денсаулық сақтау министрлігінің диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес толық көлемде жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады басқарма.

Оқиға бойынша қызметтік тексеріс жүргізілді. Құрылғыны қолдануға жол берген педагог тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ұлттық сараптама орталығының мамандары ауа сынамаларына зертханалық талдау жүргізді. Оның нәтижесі кейінірек хабарланады.

Гимназияда жаппай іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша бақылау күшейтілді. Жағдай мектеп әкімшілігі мен қалалық білім басқармасының бақылауында.

Барлық жаңалық