Ташкентте өткен халықаралық футбол турниріне қатысу кезінде уланып, ауруханаға түскен қарағандылық балалардың барлығы Қазақстанға оралды, хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі мәлімдеді.
Қарағанды облысынан барған футболшылар Ташкентте ұйымдастырылған Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне қатысқан. Алайда жарыс барысында балалардың жағдайы күрт нашарлап, бірнешеуі ауруханаға жатқызылған еді.
Қазақстан елшілігінің хабарлауынша, зардап шеккен балаларға екі елдің денсаулық сақтау министрліктері бірлесе медициналық көмек көрсеткен. Дәрігерлер қажетті ем-шараларды жүргізіп, олардың елге оралуына жағдай жасаған.
Оқиға тіркелген алғашқы күннен бастап елшілік қызметкерлері балалардың ата-аналарымен тұрақты байланыста болған. Сондай-ақ Өзбекстандағы медициналық мекемелермен және жауапты органдармен бірлесіп, қажетті көмекті ұйымдастырған.
Балалардың ата-аналары Қазақстан елшілігіне, Ташкент қаласының әкімдігіне, денсаулық сақтау басқармасына және емдеуші дәрігерлерге алғыстарын білдірген.
Сонымен қатар елшілік жас футболшыларға медициналық көмек көрсеткен Ташкент қаласындағы №5 қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, қазақстандық балалардың жаппай улану дерегіне байланысты Өзбекстан Бас прокуратурасы санитариялық талаптардың бұзылуы бойынша қылмыстық іс қозғаған.