Қазақстанға саяхаттап келген шетелдік азамат Бейнеу вокзалындағы тазалық пен пойызға отыру жағдайына таңғалды. Ол сапарынан түсірген видеосын Instagram желісінде жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Jungle_story лақап атымен танымал саяхатшы Маңғыстау облысынан Қызылорда облысына қарай жолға шыққан. Бейнеу станциясында жолаушылардың пойызға міну үшін қиыршық тас үстімен жүріп, шелектерді пайдаланғанын көрсетті. Сондай-ақ вокзал маңындағы шашылған қоқысты сынға алды.
«Пойызға отыру осылай жүзеге асады. Үндістанды еске түсіреді», – деді ол.
Саяхатшы сапар барысында Арал станциясына да тоқтап, қымыз, шұбат және жылқы етінен жасалған ұлттық тағамдармен танысты.
Шетелдіктің жазбасы желіде қызу талқыланды. Кейбір қазақстандықтар оның сынымен келісіп, қоғамдық орындардың тазалығы мен теміржол инфрақұрылымына назар аударуға шақырды.
Желі қолданушылары қоқысты жерге тастайтын тұрғындарды сынап, мұндай мәселелерді ашық айту арқылы ғана өзгеріс жасауға болатынын жазды.