Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүру тәртібін өзгерту ұсынылды. Тарифті көліктің салмағы мен экологиялық класына қарай белгілеу, сондай-ақ тасымалдаушыларға жылдық абонемент енгізу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл бастамалар Үкіметте өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында көтерілді. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин төрағалық етті.
Ұсыныстардың бірі – отандық және шетелдік тасымалдаушыларға бөлек тариф қарастыру. Сондай-ақ шетелдік жүк көліктеріне шекарадан өткен кезде сақтандыру талабын енгізу ұсынылды.
Бұдан бөлек, тасымалдаушы компанияларға жол ақысын жылдық абонемент арқылы алдын ала төлеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал тариф мөлшері көліктің экологиялық класы мен жолға түсіретін салмағына байланысты саралануы мүмкін.
Ұсыныстар қараша айының соңына дейін әзірленеді. Әзірге бұл бастамалар талқылау сатысында. Жаңа тәртіп жеке жеңіл автокөліктерге әсер етпейді.