💰 Экономика

«Қазақмыс» Балқаш мыс қорыту зауытында мазут шығынын 15%-ға қысқартты

«Қазақмыс» Балқаш мыс қорыту зауытында мазут шығынын 15%-ға қысқартты

«Қазақмыс» тобына қарасты Балқаш мыс қорыту зауытында отын шығынын азайтатын жаңа технология енгізілді. №3 анод пешіне орнатылған автоматтандырылған жүйенің арқасында мазут тұтыну көлемі алдын ала есеп бойынша 15%-ға төмендеген, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Жоба аясында пешке автоматты басқару және қорғаныс жүйесі бар екі заманауи мазут жанарғысы орнатылды. Оған 60,26 млн теңге инвестиция салынған.

Бұған дейін пешке мазут пен ауа беру негізінен қолмен реттелген. Соның салдарынан жану процесінің тұрақты режимін сақтау қиындап, түтін мен күйе пайда болған.

Жаңа жүйе мазут пен ауаның берілуін автоматты түрде реттеп, отын шығынын бақылауға мүмкіндік береді. Технологиялық көрсеткіштер белгіленген шектен ауытқыған жағдайда жүйе отын беруді тоқтатады. Бұл жылу режимін тұрақты ұстап, отынның тиімді жануына жағдай жасайды.

Сонымен қатар әр пешке жұмсалатын мазутты бөлек есепке алу жүйесі енгізілген. Бұл отын шығынын нақты бақылап, оның арту себептерін анықтауға көмектеседі.

№3 анод пеші жаңа технология енгізілген алғашқы нысан болды. Нәтиже расталған жағдайда осындай жүйелерді №1 және №2 анод пештеріне де орнату жоспарланып отыр. Алдағы уақытта кептіру пештерін, Ванюков пештері мен конвертерлердің жану жүйелерін жаңғырту мүмкіндігі де қарастырылуда.

Жоба Балқаш мыс қорыту зауытын жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Барлық жаңалық