Павлодарлық 17 жастағы оқушы Айханым Оқасованың Гарвард университетіне түскені туралы мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Threads қолданушылары оның шетелдік жоғары оқу орындарына түсуі, тоғыз тіл білуі және өзге де жетістіктеріне күмән келтірді. Ал оқушының анасы қызына тағылған айыптарды жоққа шығарып, оның жетістіктері шын екенін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқушының қандай жетістіктері туралы айтылды
Бірнеше күн бұрын қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде 11-сынып оқушысы Айханым Оқасованың Гарвард университетінің Harvard Extension School бөліміне толық грантпен оқуға түскені туралы ақпарат тараған. Оның оқуын 2027 жылдың күзінде бастауды жоспарлап отырғаны хабарланған.
Оқушының айтуынша, ол тоғыз тіл біледі, оның жетеуінде еркін сөйлейді. Сондай-ақ алты тілден сабақ береді және осы уақытқа дейін оның курстарынан 700-ден астам адам өткен. Олардың арасында шетелдік оқушылар да бар.
Бұдан бөлек, Айханым Павлодардағы тағы бір оқушымен бірге 12 тілді ойын әдісі арқылы үйрететін Ailingo білім беру платформасын құрған. Ол мектепті «Алтын белгімен» аяқтауға үміткер екені және болашақта Қазақстанда тіл академиясын ашқысы келетіні де айтылған.
Threads қолданушылары неге күмәнданды
Әлеуметтік желіде daniyalsul лақап атымен жазатын қолданушы оқушының Гарвардқа түсуіне қатысты ақпаратты тексергенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бірнеше жайт күмән тудырған.
Автордың айтуынша, Айханым жариялаған бағдарламаға мектепті енді бітірген түлектер бірден түсе алмайды. Сондай-ақ ол оқушы алғанын айтқан International Student Scholarship гранты Harvard Extension School-де жоқ екенін жазған.
Бұған қоса, қолданушы оқушының әлеуметтік желідегі сторисінде жарияланған оқуға қабылдау туралы хатын Гарвард университетіне жібергенін айтады. Оның сөзінше, университет өкілдері құжаттың қолдан жасалғанын растаған. Автор Миннесота университетіне қатысты жарияланған хатты да тексерткенін, онда да құжаттың түпнұсқа емес екені және жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін екені айтылғанын жеткізді.
Айханым тағылған айыптарға не деп жауап берді
Оқушы Threads желісіндегі жазбалардың біріне пікір қалдырып, Harvard College пен Harvard Extension School-дің екі бөлек құрылым екенін түсіндірген. Оның айтуынша, құжаттарды 2025 жылы тапсырған, ал жауапты 2026 жылдың қазанында алған.
«Мен Harvard College-ге емес, дәл Harvard Extension School-ге өтініш бердім. Бұл – Гарвард университетінің екі бөлек құрылымы, сондықтан олардың қабылдау мерзімі мен талаптары да әртүрлі. Сонымен қатар біздің Ailingo білім беру платформамыз Гарвард университетінің өкілдерімен ынтымақтасады», – деп жазған ол.
Алайда бастапқы жазба авторы бұл түсіндірмемен келіспей, бағдарламаға түсу талаптары мен жарияланған хаттың түпнұсқалығына қатысты күмәнін қайталаған.
FLEX бағдарламасы мен тіл сертификаттарына да күмән туған
Әлеуметтік желі қолданушылары оқушының өзге жетістіктеріне де назар аударған. Атап айтқанда, Айханымның FLEX 2025–2026 алмасу бағдарламасына қатысқаны туралы мәлімдемесі талқыланды. Сын айтқан қолданушы жарияланған суретте бағдарламаның іріктеуінен өткені емес, тек өтінім жібергені туралы жазылғанын атап өткен.
Қытай тілінен алған сертификатына қатысты да сұрақтар туындаған. Қолданушының айтуынша, суретте көрсетілген Chinese for HSK 5 сертификаты Пекин университетінің HSK 5 емтиханын тапсырғанын растамайды. Өйткені дәл осындай атаумен Coursera платформасында онлайн курс бар.
Сонымен қатар желі қолданушылары оқушының корей тілін меңгеру деңгейін де талқылаған. Корей тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша Оңтүстік Кореяда білім алған қолданушы Айханымның 2024 жылы жариялаған видеосына пікір білдіріп, оның жазбаларындағы корей тілінің сапасына күмән келтірген. Ол оқушының осы тілден сабақ беріп, аударма жасайтынын да атап өткен.
Тағы бір талқыланған мәселе – Айханымның 16 жасында екі бөлмелі пәтерге бастапқы жарна төлегені туралы мәлімдемесі.
Анасы қызының жетістіктерін растады
Әлеуметтік желідегі сынға оқушының анасы жауап берді. Ол видеоүндеу жариялап, қызының жетістіктері шын екенін мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, Айханым жеті тілді жетік меңгерген, тағы екі тілде сөйлесе алады. Сондай-ақ ол шынымен аудармашы болып жұмыс істейді. Анасы қызының қызметін өзі жұмыс істейтін ұжым да растай алатынын айтты. Оның сөзінше, жұмыс орнына Қытай, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореядан қонақтар келгенде Айханым аудармашы ретінде көмектеседі.
Анасы қызының тіл үйретумен айналысатынын және Ailingo платформасын әзірлеуші Азамат Серікпен бірге құрғанын да растады. Оның айтуынша, оқушы сабақтан кейін кешке дейін жұмыс істеп, әртүрлі елдердегі балаларға тіл үйретеді. Қажет болса, олардың ата-аналарымен байланысып, пікірлерін ұсынуға дайын.
Пәтерге қатысты сұраққа да жауап берген анасы қызының бірінші сыныптан бастап ақша жинағанын айтты. Оның сөзінше, Айханымға бала кезінде арнайы есепшот ашып, 18 жасқа толғанда пәтер сатып алу үшін ақша жинауға кеңес берген. Оқушы сыйлыққа берілген және өзі тапқан ақшаны жинап, даяшы әрі аудармашы болып жұмыс істеген.
Анасының айтуынша, қызы екі бөлмелі пәтерге бастапқы жарна төлеп, қазір ипотекалық несиені өзі өтеп жатыр. Алайда кәмелетке толмағандықтан, баспана әпкесінің атына рәсімделген.
Әйел қызының Мәскеу мемлекеттік университетіне (ММУ) 50 пайыздық жеңілдікпен оқуға шақырту алғанын және жақында осы университет жанындағы ғылыми жобаға қабылданғанын да айтты. Оның сөзінше, отбасы бұл мәліметтерді құжат жүзінде растауға дайын.
Гарвардтан келген хатқа қатысты отбасы не дейді
Оқушының анасы шетелдік университеттерден келген шақыртуларға қатысты жағдайды әлі анықтау керегін айтты. Оның болжамынша, қызының электрондық поштасын біреу бұзып, жалған хаттар жіберген болуы мүмкін.
«Гарвард пен басқа шетелдік университеттерден келген шақыртуларға қатысты жағдайды анықтаймыз. Меніңше, баламның электрондық поштасын бұзып, біреу оны мазақ еткен болуы мүмкін. Қызым кәмелетке толмаған. Мен оны елге танылу үшін ойдан шығарып отырған жоқпын. Өз баламды жақсы білемін», – деді ол.
Оқушыға қоқан-лоқы көрсетілген
Анасының айтуынша, бұл оқиғадан бұрын да қызы әлеуметтік желіде қорлайтын хабарламалар алған. Екі-үш апта бұрын біреулер оған «Алтын белгіге лайық емессің» деп жазса, басқа аккаунттан өлім тілеу туралы хабарлама келген. Осы жағдайға байланысты отбасы киберполицияға жүгінген.
Әйелдің сөзінше, қызына қатысты сын мен жағымсыз пікірлердің артында қызғаныш болуы мүмкін. Ол әлеуметтік желі қолданушыларынан оқушыны қудаламауды сұрап, отбасы бұл жағдайды құқық қорғау органдары арқылы анықтайтынын айтты.
Сонымен қатар анасы полицияға арыз жазып, киберполицияны іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.