Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған Ақжол Темірханның анасы Самал Кеуелова ұлының есінде қалған ерекше оқиғаны баяндады. Оның айтуынша, қайғылы оқиға кезінде Ақжолға белгісіз бір адамның «Ақжол, досым, шыдашы, құрттай ғана қалды!» деген дауысы күш берген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Самал Кеуелова ұлымен ауруханада жатқан кезінде сол күнгі жағдай туралы сөйлескен. Ақжол ең қиын сәтте біреудің өзін жігерлендіріп, шыдауға шақырғанын айтқан.
Анасы кейін ұлына көмектескен сарбаз Бекетпен кездесіп, алғыс айтуды ойлаған. Алайда Бекет пен Никитаның да ауруханаға түскенін естіген. Содан балалар бір-бірімен көрісіп, бірге тамақтансын деген ниетпен дастарқан әзірлеген.
Сол кезде Самал Кеуелова Ақжол мен Бекеттің бір-біріне «досым» деп сөйлемейтінін байқап, себебін сұраған. Сонда ұлы оны таңғалдырған жауап берген: Бекет сол сәтте Ақжолды тіпті көрмеген болып шыққан.
Дегенмен Ақжол сол дауысты анық естіген. «Ақжол, досым, шыдашы!» деген сөзді естігенде анасының ойына бірден марқұм Азамат түскен. Өйткені ол Ақжолға үнемі «досым» деп сөйлейтін.
«Сол сөзді естіген сәтте ойыма бірден Азамат түсті. Өйткені Азамат Ақжолға үнемі “досым” деп сөйлейтін еді ғой», – деп жазды Самал Кеуелова.