Қоғам

«Қазақмыс» еңбек жағдайын жақсарта түсті: «Анненск» шахтасында ӘТК жөнделді

«Қазақмыс» еңбек жағдайын жақсарта түсті: «Анненск» шахтасында ӘТК жөнделді

Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты «Анненск» шахтасында әкімшілік-тұрмыстық кешенді (ӘТК) жөндеу жұмыстары аяқталды. Жоба «Қазақмыс» компаниясының жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау және өндірістік-әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жөндеу барысында ғимараттағы 68 кабинетке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қабырғалар, төбелер, есіктер мен еден жабындары жаңартылды. Ал күнделікті пайдаланылатын санитарлық-тұрмыстық және жуыну бөлмелеріне күрделі жөндеу жасалды.

Кешеннің ішкі безендірілуіне де ерекше көңіл бөлінді. Қабырғаларға «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің, қазақ ағартушыларының, ғалымдар, ақындар мен жазушылардың портреттері орналастырылды. Кіреберіске шахта жұмыскерлерінің өз қолдарымен жасаған мемлекеттік рәміздер стенді қойылды. Сонымен қатар ғимараттың бірінші қабатында кофехана ашылды.

Кешеннің сыртқы аумағы да абаттандырылды. Атап айтқанда, ағаштар мен гүлдер отырғызылып, бұрғылау машинасына арналған ескерткіш орнатылды және субұрқақ салынды.

Бұл жұмыстар «Қазақмыстың» өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыскерлерге қолайлы әрі қауіпсіз еңбек және демалыс жағдайларын қалыптастыру.

2026 жылы Жезқазған, Балқаш және Қарағанды өңірлерінде, сондай-ақ Шатыркөл алаңында орналасқан әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 80-нен астам нысанды күрделі және ағымдағы жөндеуге 2,44 млрд теңге қарастырылған.

Аталған бағдарлама «Q.I. Satbayev atyndagy Jezqazgan Tau-ken óndirisi» өндірістік бірлестігінің 38 нысанын қамтиды. Жөндеу жұмыстары Оңтүстік және Батыс Жезқазған кеніштерінде, «Жомарт» кенішінде, Жезқазған байыту фабрикасында және Мамандандырылған энергия-жөндеу басқармасында жүргізілді.

Жалпы, бағдарлама жұмыскерлердің еңбек етуіне, тұрмысына және демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жуыну бөлмелерін, тұрмыстық орындарды, тамақтану нысандары мен инженерлік желілерді жаңарту өндірістік кәсіпорындардағы қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Барлық жаңалық