Қоғам

Украина Рязань қаласындағы «Роснефть» мұнай өңдеу зауытына тағы да шабуыл жасады (ВИДЕО)

Украина Рязань қаласындағы «Роснефть» мұнай өңдеу зауытына тағы да шабуыл жасады (ВИДЕО)

Ресейдің Рязань қаласындағы мұнай өңдеу зауытына, болжам бойынша, ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған. Оқиға орнынан түсірілген жарылыс пен ауқымды өрттің видеолары әлеуметтік желілерде тарады.

Желіде жарияланған кадрларда Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жұмысы, жарылыс және аспанға көтерілген жалын мен қою түтін көрінеді.

Алайда әзірге мұнай өңдеу зауытының зақымданғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Кәсіпорынға келтірілген залалдың көлемі де белгісіз. Рязань облысының губернаторы Павел Малков өңірге жасалған шабуыл мен оның салдары туралы мәлімдеме жасамаған. Жергілікті ақпарат көздерінде де оқиғаға қатысты толық мәлімет жоқ.

Рязань мұнай өңдеу зауыты Ресейдің «Роснефть» компаниясының құрамына кіреді және елдегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының бірі саналады. Зауыттың жылдық жобалық қуаты шамамен 17 млн тонна мұнайды құрайды.

Кәсіпорын Мәскеу мен Ресейдің орталық өңірлерін жанармаймен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мұнда автомобиль бензині, дизель отыны, авиациялық керосин, мазут, сұйытылған газ, битум және мұнай-химия өнеркәсібіне арналған шикізат өндіріледі. Сондай-ақ ресейлік авиацияны жанармаймен қамтамасыз етуге қажетті өнімдер шығарылады.

Айта кетейік, Рязань мұнай өңдеу зауыты бұған дейін де бірнеше рет дрон шабуылдарының нысанасына айналған. 2026 жылдың мамыр, шілде, қыркүйек және қазан айларында осындай оқиғалар туралы хабарланған. Соңғы расталған шабуыл 15 қазанда болған.

Сонымен қатар Рязань қаласындағы Wildberries компаниясының логистикалық қоймасы аумағында да өрт шыққаны хабарланды. Әзірге өрттің ауқымы мен келтірілген шығын туралы ақпарат жоқ.

Барлық жаңалық