Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне қарасты 104 нысан кешенді тексеруден өтті. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталып, қылмыстық қудалау органдарының қарауына 37 іс түскен. Бұл туралы Мемлекет басшысы құрған комиссияның аралық қорытындысында айтылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тексеру барысында әскери бөлімдердегі қызмет жағдайы, сарбаздардың қауіпсіздігі, азық-түлік және киім-кешекпен қамтамасыз ету мәселелері зерделенді. Сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен мемлекеттік мүліктің сақталуына назар аударылды.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігіне бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына аудит жүргізіліп жатыр.
Комиссия анықтаған жекелеген құқықбұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазір 37 іс қылмыстық қудалау органдарының қарауында. Тергеу мүддесіне байланысты олардың мән-жайы әзірге жарияланбайды.
Тексерудің басты мақсаты – Қарулы күштердегі жүйелі мәселелерді анықтап, оларды жою, әскери тәртіпті нығайту және армияның жауынгерлік әзірлігін арттыру.
Комиссия әзірлеген ұсынымдар Қарулы күштерді реформалау жоспарын жүзеге асыру кезінде ескерілмек.
Тексеру жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр.