Дублиннен Римге бағыт алған Airbus A320 ұшағы бомба қойылғаны туралы хабардан кейін Франция аумағына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы француздың Le Figaro газеті хабарлады.
Ұшақ Францияның Эврё қаласындағы әскери әуе базасына қонған. Ел премьер-министрінің кеңсесі жағдайдың белгіленген тәртіпке сәйкес нақты уақыт режимінде бақылауда екенін мәлімдеді.
Әзірге қауіп туралы хабардың қайдан тарағаны, ұшақ бортында қанша жолаушы болғаны және қандай тексеру шаралары жүргізіліп жатқаны туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.
Басылымның хабарлауынша, сейсенбі күні Еуропадағы онға жуық коммерциялық рейс жарылыс қаупі туралы хабарларға байланысты тексерілген. Алайда тиісті елдердің билігі тексеру нәтижесінде күдікті заттар табылмағанын мәлімдеген.
Қауіп туралы хабар түскен рейстердің қатарында Ryanair әуе компаниясының кемінде төрт ұшағы, сондай-ақ SAS, LOT және Wizz Air компанияларының әуе кемелері болған.