Білім

Атыраудағы қанды оқиға: Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Атыраудағы қанды оқиға: Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Атырауда 13 жастағы оқушы қызға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірім 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірнеше айға созылған сот процесі аяқталғанымен, бұл оқиға мектептегі қауіпсіздік, балалардың психологиялық жағдайы және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелерін қайта көтерді. Қазақстанда жаңа мектептер салынып, білім беру инфрақұрылымы кеңейіп жатқанымен, сыныптағы оқушы саны, бірнеше ауысыммен оқу және мектеп психологтарының жүктемесі әлі де өзекті.

Ozgeris.info сайты осы мәселенің түпкі себебін саралап көрді.

Атыраудағы оқиға: қауіптің алғашқы белгілері байқалған ба?

Биыл 13 наурызда Атыраудағы Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған оқиға көпшіліктің есінде. Тоғызыншы сынып оқушысы өзінен бір сынып төмен оқитын қызға пышақпен шабуыл жасап, ауыр жарақаттаған. Дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қалды. Ал 6 қарашада алқабилердің қатысуымен өткен сотта жасөспірімге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотта жарияланған мәліметтер бұл қылмыстың кездейсоқ жасалмағанын көрсетті. Жасөспірім мектепке бірнеше пышақ пен басқа да қауіпті заттарды алып келген. Ғимаратқа кірген кезде оның сөмкесі тексерілмеген. Ол мектеп ішінде жүріп, кейін өзіне бұрын таныс болмаған қызға шабуыл жасаған. Екеуінің арасында жеке жанжал болмаған. Тергеу барысында оқушының қылмыс туралы ойларын дәптеріне жазып жүргені де анықталды.

Істің тағы бір маңызды тұсы бар. Сот мәліметінше, жасөспірім бұған дейін мектеп психологына сыныптастарының өзін мазақтайтынын айтып шағымданған. Сотта оның сыртқы келбетіне тиісу жағдайлары туралы да айтылды. Бірақ оған физикалық күш қолданылғаны расталмаған. Сондай-ақ жасөспірімнің интернеттегі зорлық-зомбылық сипатындағы материалдарға қызығушылық танытқаны белгілі болды.

Бұл деректерді қылмысты ақтайтын себеп ретінде қарастыруға болмайды. Дегенмен олар мектептегі алдын алу жұмыстарының қаншалықты нәтижелі болғаны туралы сұрақ туғызады. Оқушының шағымынан кейін қандай шара қабылданды? Оның мінез-құлқындағы өзгерістерге кім назар аударды? Мектеп психологы, сынып жетекшісі мен ата-анасы арасында қандай байланыс болды? Мұндай жағдайда қауіптің алдын алуға мүмкіндік болды ма?

Сот пен алқабилер қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды ескеріп, Оқу-ағарту министрі мен Атырау облысының прокурорына жекеше қаулы шығарды. Бұл істің тек қылмыстық жазамен шектелмейтінін, тиісті мекемелердің де жағдайға баға беруі қажет екенін көрсетеді.

Жасөспірімдер қылмысы: мәселенің ауқымы қандай?

Атыраудағы жағдайды жеке оқиға ретінде қарастыру жеткіліксіз. Өйткені Қазақстанда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық әлі де өзекті мәселе болып отыр.

Бас прокуратураның 2026 жылғы қазанда жариялаған мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда елімізде 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың едәуір бөлігі ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар әрекеттерге барған. Осы кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңға жуық бала полицияның профилактикалық есебінде тұрған.

Бұл – бір ғана мектептің немесе бір өңірдің мәселесі емес. Әрине, аталған көрсеткіштерді Қазақстандағы барлық оқушыға телуге болмайды. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің бәрі мектеп оқушысы емес, сондай-ақ олардың құқықбұзушылықтары міндетті түрде білім беру ұйымдарында жасалмаған. Соған қарамастан, мыңдаған баланың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы жасөспірімдермен жүргізілетін тәрбиелік және алдын алу жұмыстарының нәтижесіне назар аударуды талап етеді.

Мектептегі буллинг мәселесі де алаңдатады.  Мәселен, ресми мәліметке сүйсенсек, 2025 жылы Қазақстан мектептерінде 400-ден астам буллинг дерегі тіркелген. Оның 238-інде кінәлілер анықталып, жауапқа тартылған. Ал ЮНИСЕФ зерттеуінде балалардың шамамен 17 пайызы тұрақты түрде буллингке ұшырайтыны, 30 пайызы кемінде бір рет қысым көргені айтылған.

Отбасылық психолог Ержан Мырзабев мектептегі буллингпен күресте жекелеген оқиғаларға ғана назар аудару жеткіліксіз деп есептейді. Оның пікірінше, мәселенің ауқымын анықтап, әр өңірдегі жағдайды жүйелі түрде зерттеу қажет.

«Бізде зерттеу жетпей жатыр деп ойлаймын. Жалпы мектептерде қанша буллинг фактілері тіркелді? Соған байланысты қандай жұмыстар жасалды? Ол көбіне қандай өңірлерде болып жатыр? Бұл көбіне ұлдар арасында ма, қыздар арасында ма? Жүйелі түрде карта болмағандықтан бүгін мына жерде сөндірілген өрт ертең басқа жерден шығады», – деді психолог.

Маманның бұл пікірі мектептердегі алдын алу жұмыстарының нәтижесін бағалауға қатысты маңызды мәселені көтереді. Қанша оқушымен түсіндіру жұмысы жүргізілгенін немесе қанша тәрбие сағаты өткенін есептеу бір бөлек, сол шаралардан кейін балалар арасындағы қарым-қатынастың қалай өзгергенін анықтау бір бөлек. Егер буллингке қатысты шағымдар тек тіркеліп, олардың қайталану себептері зерттелмесе, мәселенің түп-тамыры шешілмеуі мүмкін.

Жасөспірімдер қылмысының себебін тек отбасындағы тәрбиеге немесе мектептегі бақылауға тіреп қою да дұрыс емес. Баланың мінез-құлқына отбасындағы қарым-қатынас, құрдастарымен байланыс, психологиялық жағдайы, әлеуметтік ортасы және интернетте тұтынатын ақпараттары қатар әсер етуі мүмкін. Сондықтан алдын алу жұмыстары бір ғана мекеменің міндеті болып қалмауы керек.

Бір мектепте мыңдаған бала: мұғалім әр оқушыға көңіл бөле ала ма?

Қазақстандағы мектептердің тағы бір өзекті мәселесі – оқушы саны мен білім беру инфрақұрылымының арасындағы алшақтық. Үкіметтің ресми дерегіне сәйкес, 2025–2026 оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион бала білім алды. Олардың шамамен 3 мың мектебі бір ауысымда, 5 мыңға жуығы екі ауысымда жұмыс істеді.

Соңғы жылдары мектеп құрылысы едәуір қарқын алды. 2020 жылдан бері 1,1 миллион оқушыға арналған 1242 мектеп салынған. Тек 2025 жылдың өзінде 254,5 мың орындық 194 мектеп пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны төрт есе, ал орын тапшылығы да төрт есе қысқарғаны хабарланды.

Бұл – білім беру инфрақұрылымындағы елеулі өзгеріс. Бірақ жаңа ғимараттар салынғанымен, мектептердің басым бөлігінің екі ауысымда жұмыс істеуі білім жүйесіндегі жүктеменің әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Мәселе тек сыныптағы партаның санына тірелмейді. Бір сыныпта бала көп болған сайын мұғалімнің әр оқушымен жеке жұмыс істеуіне бөлетін уақыты шектеледі. Әсіресе баланың мінез-құлқындағы өзгерісті байқау, сынып ішіндегі қарым-қатынасты бақылау, тұйықталып жүрген немесе құрдастарымен тіл табыса алмайтын оқушыға көңіл бөлу қиындай түсуі мүмкін.

Мысалы, 25 оқушысы бар сынып пен 35 оқушысы бар сыныптағы педагогтің күнделікті жүктемесі бірдей емес. Сабақтың ұзақтығы өзгермегенімен, мұғалім назар аударуы тиіс бала саны көбейеді. Оның үстіне педагогтің жұмысы сабақ түсіндірумен аяқталмайды. Ол білім деңгейін бағалайды, тәртіпті қадағалайды, ата-аналармен сөйлеседі, оқушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге қатысады.

Дегенмен Қазақстанда сыныптағы бала санының көптігі жасөспірімдер қылмысына тікелей әсер ететінін дәлелдейтін нақты ұлттық зерттеу деректері бұл материалда анықталған жоқ. Сондықтан оқушы тығыздығын Атыраудағы қылмыстың себебі ретінде көрсету негізсіз болар еді. Бұл жерде мәселе – мұғалім мен мектеп мамандарының әр баланың жағдайын дер кезінде байқауына жеткілікті мүмкіндік бар-жоғында.

Сыныпта 25 баладан артық болмауы керек

Қазақстандағы санитариялық талаптарға сәйкес, халықаралық мектептерді қоспағанда, жалпы білім беретін мектептердің бір сыныбында 25 оқушыдан артық болмауы тиіс. Жоғары сыныптарда, гимназиялар мен лицейлерде бұл көрсеткішті 20 балаға дейін азайтуға рұқсат етіледі. Демек, бір сыныпта 30–35 баланың білім алуы қалыпты жағдай ретінде қабылданбауы керек. Бұл – қолданыстағы талаптардың сақталуын тексеруге негіз болатын мәселе.

Мектептегі бала санының артуы сабақ сапасына ғана емес, тәрбие жұмысына да қосымша салмақ түсіреді. Сынып жетекшісі ондаған оқушының үлгерімін, сабаққа қатысуын, тәртібін және ата-анасымен байланысын қатар қадағалауға тиіс. Ал бала сабақтан тыс уақытта қандай қиындыққа тап болғанын, сыныптастарымен қарым-қатынасы қалай өзгергенін анықтау үшін жеке әңгімелесуге уақыт қажет.

Мұндай жағдайда оқушының үнсіз қалуы оның ешқандай мәселесі жоқ екенін білдірмейді. Кейбір балалар көрген қысымын ашық айтса, енді бірі тұйықталып, өз ортасынан алшақтауы мүмкін. Сондықтан мектептегі қауіпсіздікті тек бейнебақылау камералары мен күзетшілердің жұмысы арқылы бағалау жеткіліксіз.

Бір психологқа 2500 оқушыдан келген мектептер болған

Баланың психологиялық жағдайын бақылау мәселесінде де назар аударатын деректер бар. Оқу-ағарту министрлігінің 2023–2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту тұжырымдамасында мектеп психологтарының жүктемесіне қатысты күрделі жағдай сипатталған.

Құжатта келтірілген мәлімет бойынша, еліміздегі 1200-ден астам мектепте 30-дан көп сынып болған. Сол мектептердің бірқатарында бір педагог-психологқа 1000-нан 2500-ге дейін оқушыдан келген. Ал штаттық есепте бір психологқа 500 білім алушы қарастырылған. Бұдан бөлек, құжат әзірленген кезеңде мектептердің үштен бірінде ғана арнайы психолог кабинеті болғаны көрсетілген.

Бұл деректер қазіргі жағдайды толық сипаттамайды, өйткені кейінгі жылдары білім беру жүйесінде өзгерістер жүргізілді. Дегенмен олар мәселенің ауқымын түсінуге мүмкіндік береді. Бір маманға мыңдаған бала бекітілсе, әрқайсысының жағдайын жеке бақылау, ата-анасымен жұмыс істеу және ұзақ мерзімді психологиялық қолдау көрсету қаншалықты мүмкін?

Атыраудағы оқиға бұл сұрақтың маңызын арттыра түсті. Сотта жасөспірімнің қылмысқа дейін мектеп психологына жүгінгені белгілі болды. Бірақ оның шағымынан кейін қандай жұмыс жүргізілгені және қандай шаралардың жеткіліксіз болғаны жөнінде толық қорытынды жасау үшін мектептің ішкі құжаттары мен құзырлы органдардың тексеру нәтижелері қажет.

Психологтың міндеті баланың болашақта қылмыс жасайтынын болжау емес. Ол психологиялық қиындықтарды анықтап, қажетті көмек ұйымдастыруға қатысады. Қауіпті мінез-құлық белгілері байқалған жағдайда мектеп әкімшілігі, ата-ана және тиісті мамандар бірлесіп әрекет етуі керек. Сондықтан мұндай оқиғалардан кейін жауапкершілікті жалғыз психологқа жүктеу мәселені шешпейді.

Екі ауысыммен оқу қалыпты жағдайға айналып бара ма?

Қазақстанда мектептердің басым бөлігі екі ауысымда жұмыс істейді. Бұл жүйе бір ғимаратта көбірек баланың білім алуына мүмкіндік бергенімен, оқу процесін ұйымдастыруға өзіндік талаптар қояды.

Санитариялық қағидаларға сәйкес, екі ауысым арасындағы үзіліс кемінде 40 минут болуы тиіс. Бұл уақыт сыныптарды тазалап, желдетуге арналған. Сондай-ақ оқушылардың сабақ және демалыс уақыты белгіленген талаптарға сай ұйымдастырылуы қажет.

Екі ауысымның болуы өздігінен қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын білдірмейді. Бірақ бір ғимаратты күні бойы бірнеше мың бала пайдаланған жағдайда олардың кіріп-шығуын, үзіліс кезіндегі қозғалысын және сабақтан кейін мектепте қалуын бақылау ерекше маңызға ие болады.

Атыраудағы оқиғада жасөспірім сабақтан кейін үйіне барып, мектепке қайта оралған. Сотта оның ғимаратқа кірген кезде сөмкесі тексерілмегені анықталды. Демек, бұл істе мектепке кіру тәртібі мен күзет жұмысының қалай ұйымдастырылғанын қарастыруға нақты негіз бар.

Бірақ аталған мектептегі оқушы саны немесе ауысым тәртібі қылмысқа әсер етті деген қорытынды жасауға дерек жеткіліксіз. Мұны бөлек тексеру қажет.

Буллингтің алдын алуға бағытталған бағдарламалар нәтиже беріп жатыр ма?

Мектептегі қауіпсіздікті күшейту үшін соңғы жылдары балалар арасындағы буллингтің алдын алуға бағытталған бағдарламалар енгізіле бастады. Соның бірі – Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «ДосболLIKE» бағдарламасы.

Бағдарлама 2025 жылы еліміздің тоғыз өңіріндегі 50 мектепте сынақтан өтті. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5,5 мың педагог қатысты. Жоба аясында мектептегі психологиялық ахуал зерттеліп, буллингке қарсы әрекет ету жолдары әзірленді. Мұғалімдермен, ата-аналармен және оқушылармен бірлескен жұмыс жүргізілді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, сынақ қорытындысында 2024 жылмен салыстырғанда буллинг жасаған оқушылардың үлесі 1,5 пайызға, ал өзін жәбірленуші сезінетін балалардың үлесі 5,4 пайызға төмендеген. Сонымен қатар сырын айтып, көмек сұрай алатын ересек тәлімгері бар балалардың саны үш есе артқан.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова бағдарламаның алғашқы нәтижелерін түсіндіре келе, мектептегі қауіпсіз орта қалыптастыруда барлық тараптың бірлескен жұмысы маңызды екенін атап өткен.

«Апробация барысында жүйелі тәсілдің және барлық тараптардың – оқушылардың, педагогтердің, ата-аналардың белсенді қатысуының тиімділігі дәлелденді. Біз тек жанжалдар санының азайғанын ғана емес, сонымен қатар мектеп қауымдастығы ішіндегі сенім мен қолдаудың артқанын көріп отырмыз. Бұл – қауіпсіз әрі қолдаушы орта қалыптастырудың басты шарты», – деді Насымжан Оспанова.

Бұл пікір 2025 жылғы шілдеде Оқу-ағарту министрлігінің ресми ақпаратында жарияланған. Сол жылдың 1 қыркүйегінен бастап бағдарламаны еліміздің барлық мектептері мен колледждеріне енгізу жоспарланған болатын.

Бағдарламаның алғашқы нәтижелері оң өзгерістерді көрсеткенімен, оның бүкіл ел көлемінде қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын бағалау үшін кейінгі деректер қажет. Әсіресе буллингке қатысты шағымдардың қаншасы шешілгенін, қайталанған жағдайлардың үлесін және балалардың мектептегі қауіпсіздікке деген сенімі қалай өзгергенін анықтау маңызды.

Өйткені мектептегі ахуалды жақсарту тек арнайы бағдарлама қабылдаумен аяқталмайды. Оның күнделікті оқу процесінде қалай орындалатыны, балалардың шағымына қаншалықты жедел жауап берілетіні және ата-аналардың бұл жұмысқа қаншалықты қатысатыны шешуші рөл атқарады.

Мектеп қауіпсіздігі кімнің жауапкершілігінде?

Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік бірнеше бағытты қамтиды. Біріншісі – ғимаратқа бөгде адамдар мен қауіпті заттардың кіргізілмеуін қамтамасыз ету. Екіншісі – оқушылар арасындағы жанжал, қорқыту және қысым көрсету жағдайларын дер кезінде анықтау. Үшіншісі – мінез-құлқында алаңдатарлық өзгерістер байқалған балаларға қажетті көмек көрсету.

Бұл міндеттердің әрқайсысы маңызды болғанымен, олар бір-бірінен бөлек орындалса, алдын алу жұмыстарының нәтижесі төмендеуі мүмкін. Мысалы, мектепте бейнебақылау камералары болғанымен, оқушылардың шағымдары назардан тыс қалуы ықтимал. Керісінше, психологтар жұмыс істегенімен, ғимаратқа кіру тәртібі тиісті деңгейде сақталмауы мүмкін.

Атыраудағы қылмыстық істің ерекшелігі – сот барысында бірнеше алаңдатарлық жағдайдың анықталуы. Жасөспірім бұрын психологиялық көмекке жүгінген, қылмыс туралы жазбалар қалдырған және мектепке қауіпті заттар алып кірген. Бірақ бұл белгілердің қайсысы мектеп қызметкерлеріне алдын ала белгілі болғанын, олардың қандай әрекет жасағанын және қауіптің алдын алуға нақты мүмкіндік болған-болмағанын құзырлы органдардың қорытындысы ғана айқындай алады.

Отбасылық психолог Ержан Мырзабев те балалардың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілікті мектеп пен ата-ананың бірлесіп атқаруы қажет екенін айтқан.

«Мектеп әкімшілігімен, сынып жетекшілігімен, ата-аналар қауымдастығымен, жалпы ата-ана комитетімен бірігіп отырып. Біз қаласақ та, қаламасақ та мектеп ретінде де, ата-ана ретінде баланың алдында заңды жауапкершіліктеріміз бар. Біз бұл міндеттерді қалай да болса орындауымыз керек. Дұрыс орындайтын болсақ бәріміздің өміріміз жеңілдейді. Кем орындайтын болсақ бәріміздің өміріміз қиындайды», – деді маман.

Бұл пікір мектеп қауіпсіздігіне қатысты тағы бір мәселені алға шығарады. Баланың тәрбиесі мен психологиялық жағдайын тек ата-ананың немесе мұғалімнің міндеті деп бөлу нәтиже бермеуі мүмкін. Мектепте байқалған қиындық отбасына дер кезінде жеткізіліп, ал үйдегі өзгерістер туралы педагогтер хабардар болғанда ғана балаға қажетті көмекті ұйымдастыру жеңілдейді.

Мектеп салу жеткілікті ме?

Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа мектептер салынып, үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге қомақты қаржы жұмсалып келеді. Бұл – білім беру жүйесіне қажетті жұмыс. Бірақ мектептің сапасын тек ғимарат саны, орын көлемі немесе заманауи жабдықтар арқылы бағалау жеткіліксіз.

Жаңа мектепте де буллинг болуы мүмкін. Кең әрі жарық сыныпта да бала өзін жалғыз сезінуі ықтимал. Ал қымбат бейнебақылау жүйесі оқушының ішкі күйзелісін анықтай алмайды. Сондықтан инфрақұрылымды жаңартумен қатар, балалардың психологиялық саулығына, мұғалімдердің жүктемесіне және қауіптің алдын алу жұмыстарының сапасына көңіл бөлу қажет.

Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар. Мектептегі қауіпсіздік шаралары күшейген сайын балаларға шамадан тыс бақылау орнату қаупі де туындайды. Әр оқушыны ықтимал құқықбұзушы ретінде қабылдау, жеке заттарын негізсіз тексеру немесе психологиялық қиындыққа тап болған балаларды оқшаулау дұрыс шешім бола алмайды. Қауіпсіздік шаралары баланың құқығы мен қадір-қасиетін сақтауға негізделуі тиіс.

Атыраудағы сот үкімі бір жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілігін анықтады. Бірақ осы оқиғадан кейін қоғам үшін маңыздырақ міндет тұр: мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу.

Ол үшін әр мектептегі оқушы санының белгіленген талаптарға сәйкестігін, психологтардың нақты жүктемесін, буллинг туралы шағымдардың қалай қаралатынын және қауіпсіздік шараларының қаншалықты тиімді екенін ашық бағалау қажет. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу жұмыстарының нәтижесі де тек өткізілген жиналыстар мен түсіндіру сабақтарының санымен өлшенбеуі керек.

Өйткені мектептің басты міндеті – балаға білім берумен қатар, оның қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау. Атыраудағы оқиға осы екі міндеттің бірін екіншісінен бөліп қарауға болмайтынын тағы бір мәрте көрсетті.

Барлық жаңалық