Жаңалықтар

Қазақстанда логопедтер мен сурдологтар тапшы: Үкімет басшысы инклюзивті білім берудегі мәселелерді көтерді

Қазақстанда логопедтер мен сурдологтар тапшы: Үкімет басшысы инклюзивті білім берудегі мәселелерді көтерді

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу жүйесіндегі күрделі мәселелерді атап өтіп, салаға жауапты ведомстволарға бірқатар тапсырма берді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялар (ПМПК) шамадан тыс жүктемені көтере алмай жатыр, салдарынан ата-аналар кезегін айлап күтуге мәжбүр. Бұған қоса, елімізде бейінді мамандар – логопедтер, сурдологтар мен реабилитологтардың қатты тапшылығы сезілуде.

Жеке назар аударатын тағы бір түйткіл – педагогтердің өзіне қатысты болып отыр.

«Педагогтердің ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істеудегі практикалық дағдылары жетіспейді. Мысалы, мұғалімдердің барлығы бірдей ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылармен тәжірибелік жұмысты қалай құру керектігін біле бермейді. Бұған азаматтардан түсіп жатқан көптеген өтініш-шағымдар дәлел», – деп қадап айтты Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Премьер-министр Оқу-ағарту министрлігіне нақты міндеттер жүктеді:

  • Мұғалімдерді ерекше балалармен жұмыс істеуге тұрақты түрде оқытып, біліктілігін арттыру;

  • Биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін инклюзивті білім берудің жаңа моделін әзірлеп, тәжірибеге енгізу;

  • Саланы кадрлық қамтамасыз етуді және сүйемелдеу қызметтерін күшейту.

Барлық жаңалық