Актриса Құралай Анарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше жылдан бері өзін аңдыған ер адам туралы айтып, оқиғаның әлі күнге дейін есінде қалғанын жеткізді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
“Өткен жылы мені ұзақ уақыт бойы аңдып, маза бермеген сталкер туралы айтқан едім. Өкінішке қарай, бұл оқиға мұнымен аяқталған жоқ”, – деп жазды актриса.
Құралайдың айтуынша, ер адам оның түсірілім алаңдарына дейін келіп, жүрген жерін тауып отырған.
“Бұл видео өткен жылы түсірілген. Ол күн сайын түсірілім алаңына келіп, қандай да бір жолмен біздің орналасқан жерімізді тауып алатын”, – деді ол.
Сондай-ақ актриса алғашында ер адаммен сөйлесіп, оның не қалайтынын түсінгісі келгенін айтқан. Алайда кейін бірнеше рет өзіне қастандық жасау әрекеті болған соң, байланысын толық үзген.
“Адамның өзін адекватсыз ұстайтынын көргеннен кейін және маған бірнеше рет шабуыл жасау әрекеті болған соң, онымен ешқандай байланысқа шықпауға шешім қабылдадым. Біз оған бірнеше рет арыз да жаздық”, – деді Құралай Анарбекова.
Актрисаның сөзінше, ол кезде сталкингке қатысты нақты заң болмағандықтан, олардың шағымдары елеусіз қалған. Кейін әлгі ер адам актрисаның ескі мекенжайын тауып алып, үйіне дейін барған.
“Ол менің бұрын тұрған мекенжайымды тауып алды. Содан кейін маған тұрғылықты жерімді ауыстыруға тура келді. Алғаш келген күні маған алғашқы шабуыл жасау әрекеті болды. Абырой болғанда, күзет қызметкерлері оны тоқтатып, сыртқа шығарып жіберді”, – деп еске алды актриса.
Құралайдың айтуынша, ер адам Қазақстан азаматы да болмаған. Ол ай сайын Қазақстанға ұшып келіп, актрисаны аңдыған.
“Кейін оның тіпті шетелге дейін артымнан барғанын білдім. “Орел и Решка” жобасының түсірілімдері кезінде мені табу үшін басқа елдерге де ұшып барған”, – деді ол.
Соңында актриса оны полиция қызметкерлеріне тапсырғанын айтты.
“Полиция қызметкерлері одан “Неге аңдып жүрсің?” деп сұрағанда, ол “Ол – менің әйелім” деп жауап берді. Шынымды айтсам, мұны есту өте қорқынышты әрі оғаш болды”, – деп жазды Құралай Анарбекова.