Қарағандыда логопед маманның сабақ үстінде баланы басынан ұрғаны әкенің түсірген видеосы арқылы әшкереленді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен. Оқиға туралы баланың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, жұртшылық назарын аударды.
Айтуынша, олардың ұлы бұл педагогқа бір жыл бойы барып жүрген, осы уақытқа дейін ешқандай шағым болмаған. Кезекті сабақ кезінде баласын алып кетуге келген әкесі кабинеттегі кішкентай терезеден телефонды көтеріп, сабақ барысын видеоға түсірген. Кейін видеоны көрген ата-ана логопедтің баланы басынан ұрған сәті дәл осы кадрға түсіп қалғанын білген.
«Біз үшін бұл үлкен шок болды. Бір жыл бойы сеніп келдік. Ондай әрекетке барады деп мүлде ойламадық», — деп жазды баланың анасы.
Оқиға жария болғалы логопедтің бұрынғы бірнеше клиенті де пікір қалдырып, балалардың оған шағымданғанын растады.
– «Бір сабақтан кейін ұлым мүлде бармаймын деп жылады, бетімнен ұрғанын көрсетті. Логопедке жазғанда, ол бәрін жоққа шығарды. Балалар өтірік айтпайды», «Інім әр сабақ сайын жылап келетін. Бұл видео бәрін дәлелдеп отыр», «Менің балам да шағымданған еді, бірақ біз сенбеп едік. Енді бәрі анық болды», — деп жазды ата-аналар.
Қазір ата-аналар бұл жағдайдың жалғыз емес екенін айтып, тиісті органдардың назар аударуын сұрайды.