Павлодар қаласында салынып жатқан көпірде бір тәулік ішінде екінші рет өрт тіркелді. Бүгін, 1 ақпанда, «101» қызметінің пультіне көпір құрылысындағы төтенше жағдай туралы хабар түскен, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт көпірдің №5 тіреуінде шыққан. Онда жылу оқшаулағыш материал, қорғаныш жабындысы және ағаш қалып элементтері жанған. Өртті сөндіру жұмыстары биіктіктегі қолжетімділігі қиын аумақтарда жүргізілгендіктен, айтарлықтай күрделене түскен.
Соған қарамастан, құтқарушылар өртті 100 шаршы метр аумақта сөндіріп, жалынның таралуына жол бермеді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін.
Айта кетейік, кеше кешкі уақытта да осы нысанда өрт тіркелген болатын. Ол кезде көпір құрылысындағы жылу оқшаулағыш материал мен ағаш қалып элементтері жанған. Өрт ошағы жерден 30 метр биіктікте орналасқанымен, төтенше жағдайлар қызметі қысқа уақыт ішінде жалынды толықтай ауыздықтаған.
Мамандардың хабарлауынша, кешегі және бүгінгі өрттердің шығу себептері арасында тікелей байланыс жоқ.