Мыс заманауи экономиканың негізгі шикізаттарының біріне айналып келеді. Электр энергетикасы, көлік, байланыс, тұрмыстық техника, компьютер өндірісі, электромобильдер мен жаңартылатын энергия көздерінің дамуы бұл металға деген сұранысты жылдан-жылға арттыруда, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Қомақты минералдық-шикізат қорына ие Қазақстан үшін бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда бүгінгі мәселе еліміздің қанша мыс өндіре алатынында ғана емес. Өндірістік тізбектің және сол арқылы қалыптасатын қосылған құнның қанша бөлігі Қазақстанда қалатыны да маңызды.
Сондықтан сарапшылар қауымдастығында шикізаттық модельден мысты терең өңдеуге көшу мәселесі жиі талқыланып жүр.
Шикізат өндіруден толық өндірістік тізбекке дейін
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Еркін Садықовтың пікірінше, ел өндірістік тізбек бойынша дайын өнім шығаруға неғұрлым жақындаған сайын, оның бәсекеге қабілеттілігі де соғұрлым арта түседі.
Минералдық шикізатты терең өңдеу үшін өндірістік қуаттардың болуы жеткіліксіз. Оған қолжетімді әрі тұрақты электр энергиясы, дамыған көлік-логистика жүйесі, қосалқы өндірістер және білікті мамандар қажет.
Нәтижесінде ірі металлургиялық кәсіпорындардың айналасында тұтас өнеркәсіптік экожүйе қалыптасады. Жабдықтарға, жөндеу жұмыстарына, көлік және инженерлік қызметтерге, энергетикаға, сервистік компаниялар мен мамандар даярлау ісіне қосымша сұраныс пайда болады.
Еркін Садықов шикізат өндіруден бастап жоғары деңгейдегі дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді дамыту экономиканы әртараптандырып, оның тұрақтылығын арттыратынын атап өтті. Сарапшы Чилидің, Қытайдың Цзянси провинциясының және Германиядағы Aurubis металлургиялық кешенінің кластерлік даму тәжірибесін мысалға келтіреді.
Қазақстан өз шикізат қорын, энергетикалық мүмкіндіктерін, географиялық орналасуын және жинақталған өнеркәсіптік тәжірибесін ескере отырып, дербес модель қалыптастыруы керек.
Мемлекет дамудың негізгі бағытын айқындады
Минералдық шикізатты терең өңдеу Қазақстанның өнеркәсіптік саясатындағы негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.
Еркін Садықов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі ұстанымына назар аударды. Президент бұған дейін бастапқы өңдеуден өткен өнімдерді экспорттап, жоғары деңгейде өңделген тауарларды сырттан сатып алу тәжірибесінен біртіндеп бас тарту қажеттігін айтқан болатын.
Бұл мәселе мыс өнеркәсібі үшін айрықша өзекті.
Қазақстанда шикізат қоры, тау-кен кәсіпорындары және металлургиялық құзыреттер бар. Алайда отандық мыс металлургиясы әлі де кеңестік кезеңде салынған өндірістік қуаттарға сүйенеді. Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылы, ал Жезқазған мыс балқыту зауыты 1970 жылдардың басында жұмысын бастады.
Тәуелсіздік жылдары елімізде мыс өндіру мен байыту көлемі айтарлықтай өскенімен, жаңа ірі мыс балқыту зауыттары салынған жоқ. Соның салдарынан шикізат базасы оны одан әрі өңдеу мүмкіндіктеріне қарағанда жылдамырақ дамыды.
Ендігі міндет – ел ішіндегі өңдеу көлемін ұлғайтып, өндірістік тізбекті кезең-кезеңімен ұзарту. Алайда ол үшін мыс балқыту қуаттарын арттырудың өзі жеткіліксіз.
Заманауи мыс балқыту зауыты қандай болуы керек?
Мәселенің технологиялық қырына PhD докторы Мейрам Атаманов назар аударды. Оның пікірінше, жаңа мыс балқыту қуаттарын іске қосу концентрат экспортынан Қазақстанның өз ішінде толыққанды өнеркәсіптік тізбек қалыптастыруға көшудің маңызды қадамы бола алады.
Бірақ заманауи металлургиялық зауыттың тиімділігі өндірілетін өнім көлемімен ғана өлшенбейді.
Бірінші талап – экологиялық қауіпсіздік. Жаңа және жаңғыртылатын кәсіпорындарда газдарды тиімді тазарту, құрамында күкірт бар қосылыстарды ұстау, шығарындыларды автоматты түрде бақылау және өндірістік қалдықтарды басқарудың заманауи жүйелері қолданылуы керек.
Екінші талап – шикізатты кешенді пайдалану. Мыс концентратының құрамы күрделі болғандықтан, заманауи металлургия негізгі металды бөліп алумен шектелмеуі қажет. Шикізат құрамындағы бағалы ілеспе компоненттерді де тиімді игеру маңызды.
Мейрам Атаманов өндірістік қалдықтарды міндетті түрде пайда болатын шығын ретінде емес, қайта өңдеуге болатын қайталама шикізат ретінде қарастыру керектігін атап өтті.
Үшінші маңызды бағыт – кейінгі өңдеу сатыларын дамыту.
Катодты мыс өндірістік тізбектің соңғы өнімі болмауы тиіс
Катодты мыс шығару толыққанды өнеркәсіптік тізбек қалыптасты дегенді білдірмейді. Келесі кезеңде кабель өнімдерін, қорытпаларды, энергетикаға, электроника мен машина жасау саласына қажетті бөлшектерді өндіру қажет.
Металл дәл осы сатыларда экономикаға әлдеқайда ауқымды әсер етіп, жоғары қосылған құн қалыптастырады.
Бұл ретте екі түрлі модель бар. Бірінші модельде ел кен өндіреді, концентрат немесе металл шығарады да, оны одан әрі өңдеу үшін шетелге экспорттайды. Екінші модельде отандық шикізат базасы тұтас ұлттық өндірістер кешенін дамытуға негіз болады.
Қазақстан үшін басты міндет – екінші модельге кезең-кезеңімен көшу.
Бір зауыт емес, тұтас өнеркәсіптік экожүйе қажет
Мыс саласының болашағын тек жаңа балқыту зауыттарын салумен шектеуге болмайды. Елде мынадай толық өндірістік тізбек қалыптасуы қажет:
шикізат → өңдеу → металл → материалдар → құрамдас бөлшектер → дайын өнеркәсіптік өнім.
Мұндай жүйені құру үшін энергетикалық қуаттар, көлік инфрақұрылымы, технологиялық және сервистік компаниялар, отандық машина жасау саласы, ғылыми құзыреттер мен мамандар даярлау жүйесі қатар дамуы керек.
Сонда металлургияға салынған инвестициялар бір кәсіпорынның шеңберінен шығып, экономиканың өзге салаларына да серпін береді. Инженерлер мен жұмысшыларға, жабдықтар мен қызметтерге сұраныс артып, өндіріс орналасқан өңірлер дамиды. Кейін басқа салаларда пайдалануға болатын жаңа технологиялық құзыреттер қалыптасады.
Екі сарапшының ұстанымы осы тұста тоғысады. Еркін Садықов терең өңдеуді әртараптандырылған әрі тұрақты экономика қалыптастырудың құралы ретінде қарастырса, Мейрам Атаманов мұндай өзгеріске қажетті технологиялық шарттарға – экологиялық қауіпсіздікке, шикізатты кешенді пайдалануға және кейінгі өңдеу сатыларын дамытуға назар аударады.
Қазақстанда бастапқы әрі ең басты артықшылық – өзіндік минералдық-шикізат базасы бар. Ендігі міндет – осы шикізаттық басымдықты өнеркәсіптік және технологиялық артықшылыққа айналдыру.
Ол үшін заманауи өңдеу кәсіпорындарын құрып, өндірістің кейінгі сатыларын дамытып, отандық инженерлік мектепті қалыптастыру қажет. Сонда мыс өндірісінің өсуі ел үшін металл көлемінің артуын ғана емес, жаңа кәсіпорындардың, технологиялардың, жұмыс орындарының және тұрақты өнеркәсіптік экономиканың пайда болуын білдіреді.