Катар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында Асем Орынбай «скит» дисциплинасы бойынша финалға шығып, шешуші кезеңге қатысқан сегіз спортшының арасында бесінші орынға ие болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол олимпиадалық квота нормативін орындаған спортшылар қатарына енді.
2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу ережесіне сәйкес, әлем чемпионатында әр жеке дисциплина бойынша үш жолдама сарапқа салынады. Бұл ретте бір ел ең көбі бір квотаға ғана ие бола алады.
Жарыстың тұғырынан Қытай спортшылары көрінді. Алтын медальді Цзян Итин, күміс жүлдені Чэ Юйфэй, ал қола медальді Цзян Чаоюй жеңіп алды. Төртінші орынды Словакия өкілі Моника Штибрава иеленді.
Осылайша, алғашқы үш орынды Қытай спортшылары иеленгендіктен, қалған екі олимпиадалық квота Словакия мен Қазақстан өкілдеріне бұйырды.
Айта кетейік, Асем Орынбай жеңіп алған квота спортшының атына жеке берілмейді, яғни ол Қазақстан құрамасына тиесілі.