Әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің әйелдер туралы айтқан пікірлері қоғамда наразылық тудырды. Әншінің әлеуметтік желідегі жазбаларында әйелдерді кемсітетін және олардың қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін бірқатар сөздер жарияланған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Олардың қатарында «Әйел шешінбей, мәселе шешілмейді», «Әуелі төсектер беледі, сосын бесік тербеледі» және «Әйел деген — ақшаға толы чемодан сияқты: ұстап жүрейін десең, ауыр, тастап кетейін десең, қимайсың» деген пікірлер бар.
Осыған байланысты «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері әншіге арнайы «Боқ сөз иегері» антижүлдесін дайындаған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, сахнаға микрофонмен шығатын өнер иесі көпшілік алдында айтатын сөзіне де жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Белсенділер әйелдерді затқа теңеу немесе мәселенің шешімін олардың сырт келбетімен байланыстыруды жай әзіл деп қабылдауға болмайтынын атап өтті. Олардың пікірінше, мұндай сөздер адамның қадір-қасиетіне құрметсіздік танытады.
«Жаңа адамдар» қозғалысы Төреғали Төреәліні Алматы қаласындағы Қозғалыс кампусына (Көккинаки көшесі, 7) шақырып, антижүлдені табыстауды көздеп отыр.
Қозғалыс өкілі Шынар Сұлтанбай бұл бастаманың мәнін түсіндірді.
«Әйелді ақшаға толы чемоданмен салыстыру — оны зат ретінде қабылдау. Ал мәселенің шешімін әйелдің шешінуімен байланыстыру — оның қадір-қасиетін екінші орынға қою. Үлкен аудитория — тек танымалдық емес, айтқан сөзің үшін жауапкершілік. Мыңдаған лайк әр пікірді жөнді етпейді. Біз Әділетті Қазақстан, теңдік пен өзара құрмет туралы айтамыз. Бірақ мұның бәрі ең алдымен бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыздан және қандай сөздер мен әрекеттерге жол беретінімізден басталады», — деді ол.
Ұйым өкілдері бұл бастама арқылы қоғамда әйелдерге құрметпен қарау және жария пікір үшін жауапкершілік мәселесіне назар аударуды көздейді.