2026 жылғы 2 ақпаннан бастап мемлекеттік сатып алу саласында жаңа тәртіп сынақ ретінде іске қосылады. Бұл жолы әңгіме цифрлық теңгемен жұмыс істеу және қосылған құн салығын сол арқылы төлеу туралы. Қаржы министрлігі осы пилоттық жобаның ережесін бекітті, жоба жыл соңына дейін жұмыс істейді, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа жүйенің мәні қарапайым. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша төленетін ақшаның бір бөлігі автоматты түрде ҚҚС ретінде белгіленеді. Ол қаражат цифрлық теңгеде сақталады және тек екі мақсатта ғана қолданылады. Біріншісі – бюджетке салық төлеу. Екіншісі – басқа салық төлеушілермен есеп айырысу. Яғни, бұл ақшаны басқа жаққа жұмсау мүмкін болмайды.
Пилоттық жобаға мемлекеттік сатып алумен айналысатын жеткізушілер, банктер, мемлекеттік кірістер органдары, Ұлттық банк және цифрлық теңге жүйесінің операторы қатысады. Мақсат бір. Салық төлеуді жеңілдету және тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы есеп айырысуды ашық ету.
Қаржы министрлігі бұл тәсіл арқылы жалған схемалар азаяды деп отыр. ҚҚС белгісі бар цифрлық теңге бюджетке салықтың толық әрі уақытында түсуіне көмектесуі тиіс. Жұмыс тәртібі де күрделі емес. Жобаға қатысатын жеткізуші алдымен банктен цифрлық шот ашады. Мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша төлем түскен соң, ақша цифрлық теңгеге ауыстырылады. Төлем жасағанда электрондық шот-фактураның нөмірі көрсетіледі. Жүйе сол сәтте цифрлық теңгедегі ҚҚС сомасын автоматты түрде белгілейді.
Төлем жіберілмес бұрын жүйе деректерді тексереді. Бұл процесс 10 минутқа дейін созылуы мүмкін. Егер бәрі дұрыс болса, банк төлемді орындайды. Ал қате табылса, жеткізушіге хабарлама жіберіледі. Қателік түзетілгеннен кейін төлем қайта жолданады. Төленген ҚҚС цифрлық теңге түрінде Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық шотына түседі. Кейін ол қаражат Мемлекеттік қазынашылық комитетіне аударылады да, Ұлттық банк арқылы бірыңғай шотқа есептеледі.
Цифрлық теңгені Ұлттық банк шығарады. Ол қолма-қол ақшамен бірдей саналады және мемлекет тарапынан толық кепілдікке ие. Осылайша, мемлекеттік сатып алу саласында ақша қозғалысы бұрынғыдан да ашық әрі бақылауға оңай болмақ.