Жаңалықтар

Махачкалаға жасалған дрон шабуылы: Каспийдегі стратегиялық нысандарға қауіп күшейді

Махачкалаға жасалған дрон шабуылы: Каспийдегі стратегиялық нысандарға қауіп күшейді

10 қыркүйекке қараған түні украиналық дрондар Ресейдің Дағыстан республикасының астанасы Махачкалаға шабуыл жасады. Республика басшысының міндетін атқарушы Федор Щукиннің мәліметінше, дрондардың құлауынан теңіз порты мен Гамзат Цадаса атындағы Авар музыкалық-драма театрында өрт шыққан. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды Ozgeris.info

Бұл шабуылдың негізгі ерекшелігі – Махачкаланың географиялық және экономикалық маңызында. Қаладағы теңіз сауда порты Ресейдің Каспий теңізіндегі жалғыз терең әрі мұз қатпайтын порты саналады. Мұнда мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған арнайы терминалдар бар. Сондықтан порт инфрақұрылымына жасалған кез келген шабуыл тек жергілікті деңгейдегі оқиға емес, Ресейдің Каспийдегі логистикалық және энергетикалық жүйесіне қысым ретінде қарастырылуы мүмкін.
Әсіресе мұнай терминалының орналасуы назар аудартады. Порт маңындағы мұнай базасы Баку–Новороссийск магистральдық мұнай құбырымен байланысты. Осыған байланысты дрондардың стратегиялық инфрақұрылымға жақындауы Ресейдің оңтүстігіндегі энергетикалық нысандардың осалдығын көрсетеді.

Бұл туралы сарапшы Бекарыс Мұратұлы былай дейді: “Меніңше, Махачкалаға жасалған бұл шабуылдың маңызын тек өрт пен материалдық шығын көлемімен бағалауға болмайды. Ең бастысы – дрондардың Ресейдің майданнан алыс орналасқан стратегиялық аймағына жетуі. Махачкала порты Каспийдегі маңызды көлік-логистикалық нысан болғандықтан, мұндай шабуылдар Ресейдің энергетикалық және тасымал инфрақұрылымының осалдығын көрсетеді. Бұған қоса, Дағыстанға шабуылдардың қайталануы соғыс географиясының кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Сондықтан бұл оқиғаны Ресей–Украина қақтығысының ғана емес, Каспий аймағындағы қауіпсіздікке әсер ететін фактор ретінде де қарастырған жөн”. 

Дағыстанға бұған дейін де шабуыл жасалған. 24 тамызда украиналық дрондар Солтүстік Кавказдағы Ozon маркетплейсінің ірі қоймасына соққы берген болатын. Бұл шабуылдардың қайталануы географияның кеңейіп келе жатқанын аңғартады.
Сарапшылардың көзқарасы бойынша, мұндай шабуылдардың мақсаты міндетті түрде нысанды толық жою емес. Негізгі мақсаттардың бірі – логистикалық тізбектерге қысым жасау, маңызды инфрақұрылымның қорғанысын сынау және Ресейдің тыл аймақтарының да қауіпсіз емес екенін көрсету болуы ықтимал. Махачкала оқиғасы Каспий маңы инфрақұрылымының қауіпсіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарып отыр.

Барлық жаңалық