Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының жұмысына қатысты сын айтып, республикалық жолдардың сапасы мен қауіпсіздығына байланысты қордаланған мәселелерді шешуді тапсырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жиын барысында «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашев республикалық маңызы бар автожолдардағы ахуал және қозғалыс қауіпсіздігін күшейту үшін атқарылып жатқан шаралар жөнінде есеп берді.
Алайда баяндамадан кейін Үкімет басшысы компания қызметінде әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер аз емес екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы бұған дейін назар аударған жол сапасына қатысты кемшіліктердің «ҚазАвтоЖол» жұмысына да тікелей қатысы бар екенін айтты.
"Баяндама жақсы. Бірақ шешімін таппаған проблемалық мәселелер өте көп. Олар туралы сіз айтпадыңыз. Президент атап өткен барлық кемшілік сіздердің жұмыстарыңызға да тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасын жақсартып, жағдайды түзету қажет. Жұмыс істеңіз, әйтпесе бұл жұмысты басқа адамдар атқарады", – деді Олжас Бектенов.
Дархан Иманашевтің мәліметінше, қыркүйек айының басынан бері автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылау станциялары арқылы 4 мыңнан астам заңбұзушылық тіркелген. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолдарда 46 осындай станция жұмыс істейді.
Сонымен бірге кейбір жүргізушілердің бақылау жүйесін айналып өтуге әрекет жасайтыны белгілі болған. Олар рұқсат етілмеген кіреберістер мен айналма жолдарды пайдаланады немесе көлік құралын автоматты жүйеге дұрыс тіркеуге кедергі келтіреді.
Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» автоматтандырылған салмақ-габариттік бақылаудан әдейі жалтарған жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отыр.
Бұдан бөлек, республикалық трассаларда жүргізушілерді жолдағы жағдай туралы жедел хабардар етуге арналған инфрақұрылым кеңейтілуде. Қазір жолдарда ауыспалы ақпараты бар 56 белгі мен 126 ақпараттық табло орнатылған. Алдағы уақытта тағы 244 белгі және 110 табло қою жоспарланып отыр.
Ұлттық компанияның мәліметінше, биылғы сегіз айда республикалық жолдарда тіркелген жол-көлік оқиғаларының саны өткен кезеңмен салыстырғанда 10%-ға төмендеген. Бұл уақытта трассалардағы көлік ағыны, керісінше, шамамен 30%-ға артқан.
Дегенмен Олжас Бектенов көрсеткіштердің жақсарғанына қарамастан, жолдардың сапасы мен қозғалыс қауіпсіздігі саласында шешімін күткен мәселелер әлі де бар екенін атап өтті. Премьер-министр ұлттық компания басшылығына бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, анықталған проблемаларды нақты шешуге шақырды.