🤖 Digital

Интернеттегі «махаббаттың» құны қанша?

Интернеттегі «махаббаттың» құны қанша?

Бүгін, 15 сәуір – елімізде ғашықтар күні ретінде аталып өтілетін Қозы мен Баян күні. Осы айтулы датаға орай, жүрегіне романтика іздеген жандарды желідегі қаскөйлерден сақтандырудың маңызы зор, деп жазады Ozgeris.info «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап.

 

Қазіргі таңда «интернет-махаббат» заманауи трендке айналды. Әрине, виртуалды әлемде шын ғашығын жолықтырып, шаңырақ көтеріп жатқандар баршылық. Десе де, қасиетті сезімді арам пиғылына пайдаланып, оны ақшаға айырбастағысы келетін алаяқтардың қатары одан да көп екенін ұмытпаған абзал. Экранның арғы жағында отырып «сүйемін» деп лепірген жанның бәрі бірдей пәк ниетті емес. Оларға сіздің жүрегіңіз емес, қалтаңыздағы қаражатыңыз қажет болуы мүмкін. Сондықтан «романтик алаяқтарды» дер кезінде тани білу –  қаржылық қауіпсіздіктің басты шарты. «Қаржылық сауат» телеграм-арнасының пайымдауынша, алаяқтар бірден ақша сұрауға көшпейді, олар – өте әккі психологтар.

 

«Олар алдымен «махаббатқа» жақсылап «баулиды». Адам комплименттің астында қалады. Болашақ туралы ертегі айтып, сенімге кіру үшін бәрін істейді. «Іздеген сыңарым өзіңсің» деп сендіреді. Бұрын мұндай сезімді бастан кешпегенін айтар. Қысқасы, сізге жағатын сөздің бәрін үйіп-төгеді. Осындайда сезімге мас болуға асықпау керек. Әдетте мұндай «love-алаяқтар» өздерін «алыстағы батыр» кейпінде таныстырғанды жөн көреді. Мәселен, олар «әскери маман», «мұнайшы» немесе «дәрігер» образын жиі таңдайды. Бұл мамандық иелерінің «неге кездеспейміз?» деген орынды сұраққа сылтау айтуы оңайырақ», деп жазады «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы.

 

Қауіптің алғашқы белгілеріне тоқталатын болсақ, қаскөйлер әдетте тым асығыстық танытады. Танысқаныңызға ай толмаса да, үйлену мен бірге тұру жайында әңгіме қозғай бастайды. Екіншіден, олар сізді танысу сайтынан жеке мессенджерлерге (WhatsApp немесе Telegram сияқты жедел хабар алмасу қосымшаларына) мейілінше тезірек алып шығуға тырысады. Өйткені мессенджерде оларды бұғатталған профильдер арасынан табу әлдеқайда қиын. Кейінірек олар түрлі «трагедияларды» ойлап тауып, ақша сұрауға көшеді. Кенеттен басына күн туа қалады: шекарада, әуежайда немесе вокзалда қалып қоюы, билетке ақша жетпей қалуы, банк картасының бұғатталуы немесе биржалардағы қаражатын ала алмауы сияқты сылтаулар айтылады. Тіпті емге ақша керек болды не көлігім бұзылды деген неше түрлі қисынсыз оқиғалар алға тартылады.

 

Сонымен қатар, веб-камера арқылы сөйлесу де үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Бәрі жеңіл флирттен (көңіл білдіруден) басталып, кейін ашық суреттер мен бейнежазбалар алмасуға ұласады. Соңында алаяқтар бәрін жазып алып, кейін сол видеолармен сізді бопсалап, ірі көлемде ақша талап етуі ғажап емес. Сарапшылардың айтуынша, ашық дереккөздерде 40 пен 65 жас аралығындағы азаматтардың осындай тұзаққа жиі түсетіні көрсетілген. Қаскөйлер интернеттен «құрбан» іздегенде адамның жеке парақшасына, әлеуметтік статусына, жазбаларына, өмірлік ұстанымы мен әңгімеге қаншалықты ашық екеніне ерекше мән береді.

«Қауіпсіздік үшін ең басты ереже көзбен көріп, жүзбе-жүз кездеспеген адамға ешқашан ақша жібермеу керек. Қазір жақсы білетін адамыңның өзі сан соқтырып кететін заман. Оның қасында бейтаныс жан кім?! «Ғашығыңның» желідегі немесе өзі берген суреттерін тексеріп қойған да артық емес. Google іздеу жүйесі бұл ретте таптырмас көмекші. Көп жағдайда алаяқтар интернеттен алынған бөтен адамдардың суретін қолданады. Жалғызбасты жандарды оңай тауып, жылы сөйлеп, сезім білдіру арқылы сенімге кіретіндерден сақ болыңыз. Сезімге ерік берген адам көбіне логиканы ұмытады. Ондайда жақын досыңызға немесе туысыңызға болып жатқан жайды айтып көруге болады. Өйткені сырт көз сыншы, ол алаяқтың ісін тез таниды. Біздің қоғамда сөз салып жүрген қызына «шаруам бар еді» деп кредит алғызатын, соңында ол ақшаны букмекерлік кеңседе ұтысқа салатын жігіттер де кезігіп жатады. Сондықтан қай кезде де адамға сергек сана мен қырағылық қажет. Махаббаттың «ақша сұрамағаны», ал сезімнің саудаға салынбағаны абзал», дейді арна авторы Нұрболат Туысбайұлы.

 

Барлық жаңалық