Алматыдағы «Атакент» саябағының жанында әскери қызметшілер жанжалға араласып, балаға жасалған шабуылдың алдын алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға «Атакент» саябағы ауданында болған.
«Алматыдағы «Атакент» жанындағы саябақта ересек ер адам жаттығуда жүрген балаларға шабуыл жасады.Ол қазақтарды жек көретінін айтып айғайлап, балаларды бауыздап кететінін айтып қорқытқан. Алдымен ол бір қыз баланы ұрмақшы болған, бірақ ол бұғып үлгерген. Кейін 10 жасар ұлымның көзінен жұдырықпен ұрған. Баланың көзінің асты көгеріп қалды. Балалар қатты қорқып, қашып үлгерген», - дейді жәбірленуші баланың анасы Гауһар.
Абырой болғанда бұл жағдайды сол жерде жүрген әскерилер көріп қалып, дерек полиция шақырған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өз шаруаларымен бара жатқан офицерлер белгісіз ер адамның кәмелетке толмаған баланы кенеттен жұдырықпен бетінен ұрғанын байқаған.
Әскери қызметшілер дереу араласып, құқық бұзушылықтың жолын кесті, ер адамды залалсыздандырып, полиция қызметкерлері келгенше ұстап тұрды. Сонымен қатар 102 нөмірі бойынша полиция жасағы шақырылды. Құқық қорғаушылар келгеннен кейін ұсталған азамат одан әрі тексеру жүргізу үшін өткізілді.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің жедел әрекеттерінің арқасында жанжалдың одан әрі ушығуына жол берілмей, жанында болған балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін атап өтті.