💰 Экономика

«Баррелі 100 доллардан асты»: қымбат мұнай қарапайым халыққа қалай әсер етеді

«Баррелі 100 доллардан асты»: қымбат мұнай қарапайым халыққа қалай әсер етеді

Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайтадан барреліне 100 доллардан асты. 7 қазанда Brent маркалы мұнай 101,33 долларға дейін көтерілді. Бірақ мәселе тек мұнайдың қымбаттауында емес. Энергия бағасының өсуі жанармайдан бастап тасымал мен азық-түлікке дейін әсер етіп, әлемде инфляцияның қайта күшею қаупін арттырып отыр. Халықаралық ұйымдар энергетикалық дағдарыстың салдары әлі толық сезілмегенін ескертеді.

Мұнай неге қайтадан 100 доллардан асты?

7 қазанда Brent мұнайының фьючерстері 0,75 пайыз қымбаттап, барреліне 101,33 долларға жетті. АҚШ-тың WTI маркалы мұнайы 89,83 доллар болды.

Бағаға бірден бірнеше фактор әсер етіп отыр. Негізгі тәуекел – Таяу Шығыстағы жағдай және мұнай тасымалының бұзылуы. Оған Украинадағы соғыс пен Мексика шығанағына жақындаған дауыл қаупі қосылды. Болжам бойынша, дауыл АҚШ-тағы мұнай-газ инфрақұрылымы орналасқан аумаққа бағыт алған. Бұл аймақта АҚШ мұнайының шамамен 15 пайызы өндіріледі.

Дегенмен қазіргі дағдарыстың бір ерекшелігі бар. Нарыққа мұнай бұрынғыдан көбірек шыға бастағанымен, оның бағасы төмендемей отыр.

Kpler дерегінше, қыркүйектің соңында Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған мұнай көлемі тәулігіне 14,2 миллион баррельге дейін жетіп, соғысқа дейінгі деңгейдің шамамен 80 пайызына қалпына келген. Соған қарамастан Brent 100 доллардан жоғары қалып отыр.

Мұнай бар, бірақ оны жеткізу қымбат

Мәселенің бір бөлігі мұнай көлемінде емес, логистикада жатыр.

Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропадағы қақтығыстар мұнай тасымалының бұрынғы жүйесін өзгертті. Танкерлер жетіспейді, сақтандыру құны өсті, ал кей бағыттарда жүкті бірнеше кемеге ауыстырып тиеуге тура келеді.

Таяу Шығыстан Азияға мұнай тасымалдайтын ірі танкерді жалдау құны тәулігіне 1,2 миллион доллардан асқан. Бұған сақтандыру мен қауіпсіздік шығындары қосылады. Нәтижесінде мұнай өндірілген жерден тұтынушыға жеткенше бұрынғыдан әлдеқайда қымбаттайды.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, Ормуз бұғазы арқылы қалыпты жағдайда тәулігіне шамамен 15 миллион баррель шикі мұнай және 5 миллион баррель мұнай өнімі өтетін. Бұл әлемдік мұнай тұтынуының шамамен бестен біріне тең. Агенттік Ормуз арқылы тасымалды қалыпқа келтіру нарықты тұрақтандырудың ең маңызды шарттарының бірі екенін атап өтті.

Ең үлкен мәселе мұнай емес, дизель болуы мүмкін

Шикі мұнайдың қымбаттауы – мәселенің бірінші бөлігі ғана. Тұтынушы мұнайды емес, одан өндірілетін бензин, дизель және авиаотынды сатып алады.

Халықаралық валюта қорының 1 қазанда жариялаған дерегінше, қақтығысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда дизель, бензин және авиаотын бағасы 60 пайыздан 97 пайызға дейін қымбаттаған.

ХВҚ мұны мұнай өңдеу қуатының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Балама өңдеу орталықтарының өзі қазір толық қуатына жақын жұмыс істеп жатыр.

7 қазанда Еуропада дизельдің Brent мұнайына қатысты үстеме бағасы бір күннің ішінде 13 пайыз көтерілді. Осыған байланысты Халықаралық энергетика агенттігі стратегиялық мұнай және дизель қорларын нарыққа шығару мүмкіндігін талқылап жатыр.

G7 елдері бұған дейін төтенше қорлардан 100 миллион баррель дизель мен шикі мұнай шығаруға келіскен. Десе де, сарапшылар бұл қадам бағаны қысқа мерзімде ғана тежеуі мүмкін екенін айтады. Себебі негізгі проблема – мұнай өңдеу қуаты мен логистикадағы шектеулер – сақталып отыр.

Мұнайдың артынан азық-түлік те қымбаттап жатыр

Энергияның қымбаттауы азық-түлік бағасына да әсер ете бастады.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының дерегінше, әлемдік азық-түлік бағасының индексі 2026 жылғы қыркүйекте 136 пунктке жетті. Бұл тамызбен салыстырғанда 1,5 пайыз, ал былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 5,8 пайыз жоғары.

FAO бағаның өсуін ауа райымен қатар тасымалдағы іркілістермен байланыстырады. Ұйымның бас экономисі Максимо Тореро Ормуз бұғазы мен Қара теңіздегі тасымал проблемалары энергияға, логистикаға және негізгі азық-түлік тауарларына қатар қысым жасап отырғанын айтты.

Дүниежүзілік банктің қыркүйектегі дерегі де осы үрдісті көрсетеді. Бір айдың ішінде әлемдік энергия бағасының индексі 25,7 пайыз өскен. Шикі мұнай 21,2 пайыз, табиғи газ 15,3 пайыз қымбаттады. Осы кезеңде азық-түлік бағасы да 3,8 пайыз көтерілген.

Тыңайтқыш қымбаттаса, азық-түлікке әсері кейін сезіледі

Энергетикалық дағдарыстың азық-түлікке ықпалы бірден аяқталмайды. Мұнай мен газ тыңайтқыш өндірісінің өзіндік құнына да әсер етеді.

Дүниежүзілік банк биыл тыңайтқыш бағасы 31 пайыз өседі деп болжаған. Ал карбамид бағасының өсімі 60 пайызға жетуі мүмкін. Банк есебінше, геосаяси дағдарыстан туындаған мұнай бағасының 10 пайыздық өсімі уақыт өте табиғи газ бағасын шамамен 7 пайыз, тыңайтқышты 5 пайыздан астам қымбаттатуы мүмкін.

Бұл әсер бірден емес, шамамен бір жыл ішінде шегіне жетеді. Демек бүгінгі мұнай дағдарысының азық-түлік өндірісіне толық ықпалы кейінірек сезілуі мүмкін.

Инфляция қайта үдеуі мүмкін

Халықаралық валюта қоры энергетикалық шоктың әлі аяқталмағанын мәлімдеді.

ХВҚ өкілі Джули Козактың айтуынша, бірқатар мемлекетте инфляцияның баяулау процесі тоқтап, баға қысымы сақталып отыр. Энергияның қымбат болуы жалпы инфляцияға тікелей әсер етуде.

Ал ХВҚ басшысы Кристалина Георгиева 7 қазанда мұнай бағасының жоғары болуы инфляциямен бірге пайыздық мөлшерлемелер мен мемлекеттік облигациялар кірістілігін де көтеріп жатқанын айтты.

Қордың бұған дейінгі негізгі сценарийінде Brent мұнайы 2026 жылы орта есеппен 89 доллар болады деп есептелген. Қазіргі нарықтық баға 100 доллардан жоғары. Георгиеваның айтуынша, Таяу Шығыстағы соғыс жақын арада аяқталған күннің өзінде энергия бағасының жоғары деңгейі біраз уақыт сақталуы ықтимал.

Қымбатшылық кімге ауыр тиеді?

Дүниежүзілік банк энергетикалық дағдарыстың дамушы мемлекеттерге әсері күштірек болатынын ескертеді. Банктің болжамынша, 2026 жылы дамушы экономикалардағы инфляция орта есеппен 5,1 пайыз болуы мүмкін. Бұл соғыс басталғанға дейінгі болжамнан бір пайыздық тармаққа жоғары.

Банк бұған дейін энергия бағасы 2026 жылы 24 пайыз, ал жалпы шикізат тауарларының бағасы 16 пайыз өседі деп болжаған. Егер қақтығыс ұзаққа созылып, энергетикалық инфрақұрылымға жаңа соққылар жасалса, Brent мұнайының орташа бағасы 115 долларға дейін жетуі мүмкін деген тәуекел сценарийі де қарастырылған. Мұндай жағдайда дамушы елдердегі инфляция 5,8 пайызға дейін көтерілуі ықтимал.

Ең үлкен салмақ табысының басым бөлігін азық-түлік пен отынға жұмсайтын отбасыларға түседі. Сондықтан мұнай нарығындағы қазіргі жағдай тек трейдерлер мен мұнай өндіруші елдердің мәселесі емес. Баррель бағасындағы өзгеріс ақыр соңында жанармай, тасымал, тыңайтқыш, азық-түлік және несие құны арқылы қарапайым тұтынушының шығынына жетеді.

Әзірге басты сұрақ – мұнайдың 100 доллардан асқаны емес, осы деңгейде қанша уақыт қалатыны. Егер Ормуздағы тасымал толық қалпына келмей, мұнай өңдеу мен логистикадағы тапшылық сақталса, әлем экономикасы 2026 жылдың соңына жаңа инфляциялық қысыммен кіруі мүмкін.

Барлық жаңалық