📰 Сарапшылар пікірі

Балқаш – өсім нүктесі: Қазақстанға жаңа металлургиялық қуаттар не үшін қажет?

Балқаш – өсім нүктесі: Қазақстанға жаңа металлургиялық қуаттар не үшін қажет?

Қазақстанда мыс өндірісін тек кен өндіру және концентрат экспорттаумен шектемей, металлургиялық өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейін дамыту қажет. Бұл туралы Ph.D. докторы, О.А. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» кафедрасының профессоры Өмірсерік Байгенженов айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Өмірсерік Байгенженов – 2015, 2019 және 2023 жылдары талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия иегері, 2020 жылғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы». Хирш индексі – 20, рецензияланатын ғылыми журналдарда 50 ғылыми жарияланымы бар.

Маманның айтуынша, Қазақстан Президентінің 2025 жылғы Жолдауында тау-кен металлургия кешені ел экономикасының шамамен 8%-ын қалыптастыратыны және жоғары деңгейде өңделген өнім өндірісін ұлғайту есебінен саланың айтарлықтай өсу әлеуеті бар екені атап өтілген.

Өмірсерік Байгенженов бұл мәселенің әсіресе мыс өнеркәсібі үшін өзекті екенін айтады.

«Қазақстанның айтарлықтай шикізат базасы және ірі заманауи тау-кен байыту кәсіпорындары бар. Алайда соңғы онжылдықтарда кен өндіру мен байытудың дамуы және металлургиялық өңдеу арасында белгілі бір теңгерімсіздік қалыптасты. Балқаш мыс балқыту зауыты алғашқы қара мысты 1938 жылы алды, ал Жезқазған мыс балқыту зауыты 1971 жылы пайдалануға берілді. Әрине, өткен уақыт ішінде кәсіпорындар бірнеше рет жаңғыртылды. Дегенмен жаңа заманауи металлургиялық қуаттарды құру қажеттілігі барған сайын айқын болып отыр», – дейді Өмірсерік Байгенженов.

Сарапшы Қазақстаннан экспортталатын мыс кені мен концентратының көлеміне де назар аударды. Оның мәліметінше, 2025 жылы еліміз шамамен 1,42 млн тонна мыс кені мен концентратын шетелге шығарған. Демек, бұл шикізатты одан әрі металлургиялық өңдеу Қазақстаннан тыс жерде жүзеге асырылады.

Өмірсерік Байгенженовтің айтуынша, мыс концентратын дайын өнім деп қарастыруға болмайды. Одан кейін металлургиялық өндірістің бірнеше маңызды кезеңі бар.

«Мыс концентраты – түпкілікті өнім емес. Байытудан кейін шихтаны дайындау, балқыту, конвертерлеу, оттық және электролиттік тазарту сияқты тұтас металлургиялық өңдеу тізбегі жүреді. Кешенді шикізатты өңдеу кезінде алтын, күміс және басқа да бағалы компоненттер алынады, ал құрамында күкірт бар газдарды күкірт қышқылын өндіру үшін пайдалануға болады. Сондықтан концентратты экспорттау арқылы мемлекет қосылған құн қалыптастыратын кейінгі технологиялық тізбектің бір бөлігін де шетелге беріп отыр», – дейді сарапшы.

Осы тұрғыдан профессор Балқашта жаңа мыс балқыту зауытын салуды отандық металлургия үшін маңызды жоба деп бағалайды.

Үкімет бекіткен инвестициялық келісімге сәйкес, жобаға 750 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарланған. Құрылыс 2027 жылы басталып, кәсіпорынды 2030 жылы іске қосу көзделіп отыр.

Жаңа зауыт жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіруге есептелген. Сонымен қатар 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын шығару жоспарланып отыр. Кәсіпорында шамамен 1,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Алайда Өмірсерік Байгенженов Қазақстан үшін тек катодты мыс өндірісін ұлғайту жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Катодты мыс – терең металлургиялық өңдеуден өткен өнім. Бірақ ол да өнеркәсіптік тізбектің келесі деңгейіне арналған шикізат бола алады. Катанка, сым, кабель-өткізгіш өнімдері, мыс құбырлары, фольга, қорытпалар, электротехникалық бұйымдар мен машина жасауға арналған компоненттер тазартылған мыстан кейін де қосымша құн қалыптастырады. Сондықтан Қазақстан үшін оңтайлы тізбек: кен → концентрат → қара мыс → анодты мыс → катодты мыс → прокат пен қорытпалар. Осы тізбектің экономикалық тұрғыдан тиімді буындары ел ішінде неғұрлым көп орналасса, Қазақстан соғұрлым үлкен технологиялық және экономикалық әсер алады», – деді ол.

Маман металлургия саласында шикізатты кешенді пайдаланудың да маңызы зор екенін атап өтті. Заманауи кәсіпорынның тиімділігі өндірілген мыс көлемімен ғана өлшенбеуі керек.

Оның пікірінше, бағалы компоненттерді барынша толық алу, аралық өнімдерді қайта өңдеу, шлак пен басқа да қалдықтар арқылы металдың жоғалуын азайту, қайталама ресурстарды пайдалану және өндірістің энергия мен материал сыйымдылығын төмендету қатар жүргізілуі қажет.

Үкімет мәліметі бойынша, Балқаштағы жаңа жобаның іске қосылуы Қазақстандағы мыс өндірісін жылына 800 мың тоннадан астам деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.

Өмірсерік Байгенженовтің пікірінше, бұл саланың қазіргі моделін өзгертуге мүмкіндік беретін маңызды кезең болуы мүмкін.

«Қазақстан минералдық-шикізат базасының өсуі автоматты түрде шикізат пен концентрат экспортының артуына алып келетін модельден біртіндеп кетуі керек. Кен өндіру көлемінің ұлғаюы байыту өндірісінің, металлургияның, металдарды терең өңдеудің, отандық машина жасау мен материалтанудың дамуымен қатар жүруі қажет», – дейді профессор.

Сарапшы Қазақстанда мұндай өндірістік модельге көшуге қажетті негізгі алғышарттар бар екенін атап өтті. Оның қатарында ауқымды шикізат базасы, қалыптасқан металлургиялық мектеп, ғылыми және инженерлік кадрлар мен өндірістік тәжірибе бар.

«Ендігі міндет – шикізатты тек экспорттың негізі емес, жаңа технологиялардың, заманауи өндірістердің, білікті жұмыс орындарының және Қазақстанның өз ішінде жоғары қосылған құн қалыптастыратын өнімдердің негізіне айналдыру», – деп қорытындылады Өмірсерік Байгенженов.

 

Барлық жаңалық