АҚШ-қа ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп Ақ үйде келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты The White House баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар стратегиялық серіктестікті кеңейтуге және өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Лидерлер Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын қуана атап өтті.

Президент Тоқаев америкалық әріптесіне қонақжайлылығы мен ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, Дональд Трамптың президенттік кезеңін тарихи деп атады. Оның айтуынша, АҚШ бүгінде әлемдік экономикалық, саяси және технологиялық көшбасшылық позициясын күшейтіп келеді.
Қазақстан Президенті Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеуді көздейтін «TRIPP – Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу маршруты» бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл бастама Орта дәліздің дамуына серпін беруі мүмкін екені айтылды.Өз кезегінде Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Кездесуге Қазақстан тарапынан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ-тағы елші Мәжжан Ілиясов қатысты. Америкалық делегация құрамында вице-президент Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және экономика министрі Скотт Бессант болды.

Сонымен қатар, тараптар маңызды минералдар саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа ҚР Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ Сауда министрі Ховард Латник қол қойды.
Айта кетейік, Қазақстан жақын уақытта Авраам келісімдеріне қосылатыны да белгілі болды.