Қоғам

Алматылық "Қайрат" әлемнің ең үздік клубтарының қатарына енді

Алматылық "Қайрат" әлемнің ең үздік клубтарының қатарына енді

Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) әлемнің үздік 500 клубының жаңартылған рейтингін жариялады. Тізімге Қазақстаннан жалғыз клуб ретінде алматылық «Қайрат» енді. Команда 90,75 ұпай жинап, 240-орынға жайғасты, деп хабарлайды  ozgeris.info Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандық клуб бірқатар танымал еуропалық командалардан жоғары орналасты. Атап айтқанда, рейтингте «Қайраттың» артында француздық «Ницца» (242-орын), испаниялық «Севилья» (252-орын) және ағылшынның «Вест Хэм» клубы (253-орын) қалды.

Әлемдік рейтингтің көшін француздық ПСЖ бастап тұр. Екінші орында мадридтік «Реал», ал үздік үштікті лондондық «Челси» түйіндеді. Сондай-ақ үздік ондыққа «Интер», «Бавария», «Барселона», «Арсенал», «Фламенго», «Палмейрас» және дортмундтық «Боруссия» кірді.

Ағымдағы маусымда «Қайрат» тарихи жетістікке жетіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Алты турдан кейін Рафаэль Уразбахтин шәкірттері бір ұпай жинап, турнирдің жалпы кестесінің төменгі жағында орналасып отыр.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде «Қайратқа» әлі екі матч өткізу керек. 2026 жылдың 20 қаңтарында алматылық клуб Астанада бельгиялық «Брюггені» қабылдайды, ал 28 қаңтарда Лондонда жергілікті «Арсеналмен» кездеседі.

Барлық жаңалық