Павлодар облысы

Әкім мен фельдшердің арасындағы дау дүрбелеңге ұласты

Әкім мен фельдшердің арасындағы дау дүрбелеңге ұласты

Павлодар облысында ветеринарлық фельдшер ауыл әкімімен болған қақтығыстан кейін дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.

 

Әлеуметтік желілерде Қоянды ауылдық округінің әкімі мен ветеринар фельдшер арасында болған төбелес туралы ақпарат тарады. Жазба авторларының айтуынша, фельдшер бас миының шайқалуынан және бет жарақаттарынан зардап шеккен, тіпті полиция қасақана денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша іс қозғады деп көрсетілген.

 

Алайда Павлодар облыстық полиция департаменті мұны жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілерде ауыл әкімі мен фельдшер арасындағы жанжал жайлы ақпарат тарауда. Оқиға кешкі уақытта, олардың қызметтік міндеттеріне қатысы жоқ жағдайда, бірлескен шара кезінде болған. Жағдай тұрмыстық сипатта болған, кәсіби қызметімен байланысты емес. Тараптар өзара татуласты, бір-біріне шағымы жоқ», – деді полицияның баспасөз қызметі.

 

Сонымен бірге, облыстық денсаулық сақтау басқармасы фельдшерге шынымен де медициналық көмек көрсетілгенін растады.

«1980 жылы туған ер адам бет аймағындағы жарақаттарға байланысты травмпунктке жүгінді. Оның айтуынша, өзін белгілі адам ұрған. Жалпы жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Алдын ала диагноз – жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалу, беттегі көгерулер, сондай-ақ алкогольдік мас күйі тіркелді», – деп хабарлады басқарманың өкілдері.

 

Фельдшерді дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынғанымен, ол бас тартқан. Медициналық тексерістен кейін нарколог оның мас болу деңгейін анықтап, тұрғылықты жеріндегі поликлиникаға травматологқа қаралуға кеңес берген.

 

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында ауыл әкімі қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін қатаң сөгіс алған болатын. Ол спорттық шараның қорытындысын кафе ішінде атап өтпек болған кезде полицейлердің қолына түскен еді.

Барлық жаңалық