Қоғам

Аян Дүйсековтың қазасы: судья болғысы келген азаматтың өліміне не себеп болды

Аян Дүйсековтың қазасы: судья болғысы келген азаматтың өліміне не себеп болды

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Лаборовка ауылында туып-өскен Аян Дүйсеков бала кезден судья болып, еліне адал қызмет етуді армандаған. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, ол сот жүйесіндегі төменгі қызметтен бастап, өз еңбегімен сатылап көтерілген, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Туыстарының айтуынша, ол сабырлы, қайырымды әрі жанжалдардан аулақ жүретін, айналасымен жақсы қарым-қатынастағы азамат болған. Жұбайы екеуі екі бала тәрбиелеп, бақытты отбасылық өмір сүрген.

Дегенмен, соңғы уақытта оның өмірінде айтарлықтай қиындықтар туындаған. Аянның жұбайы берген сұхбатында оның бірнеше судьямен келіспеушіліктері болғанын растады. Осыдан кейін оған қатысты тексерулер көбейіп, арыздар түсе бастаған және жұмыс бойынша жиі шақыртылған. Тіпті «қызметкерлерді үйлеріне ерте жіберді» деген айыппен оған сөгіс те жарияланған.

Бұдан бөлек, отбасынан қызметтік пәтерді босату бірнеше рет талап етілген. Жұбайының айтуынша, екі баламен басқа баспана табу оңайға соқпаған. Жетістікке өз еңбегімен жеткен азаматтың жақындары жұмыстағы келіспеушіліктер, ұдайы тексерістер, тәртіптік жаза және пәтерге байланысты дау Аянға ауыр психологиялық қысым көрсетті деп есептейді.

13 қыркүйекте Аян Дүйсеков өмірден өтті. Шын мәнінде марқұмның жұмысында не болғаны және отбасын қызметтік пәтерден босатуды не себепті талап еткені әлі де беймәлім.

Барлық жаңалық