Қоғам

Адамның жеке шекарасын бұзса, 50 күнге қамалады

Қазақстанда адамның жеке шекарасын бұзып, еркінен тыс ізіне түсуге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылды. Енді сталкинг жасағандар айыппұл арқалап қана қоймай, қамауға да алынуы мүмкін. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.

Агенттіктің түсіндіруінше, жуырда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы маңызды қадам болды.

Сталкинг – зорлық-зомбылықсыз, бірақ жүйелі түрде қудалау мен бақылау әрекеттерін білдіреді. Мұндай әрекеттер адамның психологиялық жай-күйіне елеулі зиян тигізеді. Бұған жеке шекарасын бұзу, еркінен тыс аңду, қайта-қайта телефон шалу, интернет арқылы бақылау және адамды қорқыныш пен уайымға салатын өзге де қимылдар жатады.

Заңға сәйкес, енді сталкинг жасағандар 200 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 800 мың теңгеге дейін) айыппұл төлейді немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық не түзеу жұмыстарына тартылады. Сонымен қатар, 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.

Бұған дейін Бас прокуратура сталкингті қалай тануға болатынын және мұндай жағдайда азаматтардың қайда жүгінуі тиіс екенін түсіндірген еді.

Айта кетейік, елімізде кісі қолынан қаза тапқан әйелдердің 76 пайызы өмірінде сталкинг құрбаны болғаны анықталған. Бұл көрсеткіш жаңа заңның уақытылы қабылданғанын және қоғамдағы өзекті мәселені шешуге бағытталғанын көрсетеді.

Барлық жаңалық