Әлем

15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде аккаунт ашуға тыйым салынды

15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде аккаунт ашуға тыйым салынды

Түркияда балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа талаптар енгізілмек. Соған сәйкес, 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде жеке аккаунт ашуға тыйым салынады. Ал 15 жастан асқан жасөспірімдер үшін онлайн қауіпсіздікке бағытталған арнайы шектеулер қарастырылған, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жаңа ережелер 10 қазанда Түркияның ресми Resmî Gazete басылымында жарияланды. Құжаттағы талаптар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Жаңа тәртіп бойынша 15 жастан асқан жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі парақшалары жабық режимде болуы тиіс. Оларға тек жазылушылары ғана хабарлама жібере алады. Сондай-ақ жасөспірімдерге тікелей эфир өткізуге, жекелендірілген жарнама мен басқа аккаунттардың ұсынымдарын алуға шектеу қойылады.

Бұдан бөлек, телефон кітапшасындағы немесе басқа сервистердегі байланыстарды әлеуметтік желіге автоматты түрде көшіруге рұқсат етілмейді.

Жаңа талаптар ата-аналардың бақылау мүмкіндігін де кеңейтеді. Әлеуметтік желі платформалары ересектерге баланың аккаунт баптауларын басқаруға, желіде өткізетін уақытын шектеуге және төлем операцияларын растауға мүмкіндік беруге міндеттеледі.

Сонымен қатар платформалар жаңа қолданушылардың жасын Түркияның e-Devlet мемлекеттік жүйесі арқылы тексеруі тиіс. Осылайша, 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде профиль ашуына техникалық деңгейде тосқауыл қою көзделіп отыр.

Жаңа ережелердің негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін күшейтіп, олардың әлеуметтік желілердегі белсенділігіне ата-ана бақылауын арттыру.

Барлық жаңалық