Жаңалықтар

Қытайлық ата-аналар шала туған баладан бас тартты: суррогат ана полицияға жүгінді

Қытайлық ата-аналар шала туған баладан бас тартты: суррогат ана полицияға жүгінді

Алматыда суррогат ана мен шетелдік тапсырыс берушілер арасындағы дау қоғам назарын аударды. Әйел баланы көтеріп бергені үшін уәде етілген ақысын талап етуде деп хабарлайды ozgeris.info сайты KTK-ға сілтеме жасап.

27 жастағы Кристина Гаврилюк Қытайдан келген ерлі-зайыпты жұп үшін суррогат ана болуға келісіп, бұл қызметі үшін 7,5 миллион теңге алуы тиіс болған. Эмбрион Алматыдағы клиникалардың бірінде орналастырылған. Әйелдің айтуынша, жүктілік кезінде тапсырыс берушілер ай сайын шамамен 200 мың теңгеден аударып отырған.

Алайда жүктілік асқынуына байланысты сәби жетінші айда мерзімінен бұрын дүниеге келген. Осыдан кейін, Гаврилюктың сөзінше, тапсырыс берушілер шала туған баланы алудан бас тартқан.

Алдымен олар баланың денсаулығын тексеру үшін медициналық сараптама жүргізуді сұраған, кейін ДНҚ-тест талап еткен. Сараптама нәтижесі баланың олардың биологиялық ұлы екенін растағанымен, көп ұзамай олар байланысқа шығуды тоқтатқан.

Кристина Гаврилюк – сатушы болып жұмыс істейді және алты жастағы қыз тәрбиелеп отыр. Ол бұған дейін екі рет суррогат ана болып, келісімдер сәтті аяқталған. Алайда бұл жолы уәде етілген ақысын ала алмаған.

Әйел баланы өз тәрбиесіне алуды жоспарламағандықтан, босанғаннан кейін бірден бас тарту туралы өтініш жазған. Нәтижесінде нәресте қазір сәбилер үйінде «бас тартылған бала» мәртебесінде тәрбиеленіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы тұрақты, ол өсіп, салмақ қосып келеді.

Гаврилюк бұл мәселеге байланысты полицияға жүгінген. Алайда Алматы полиция департаменті қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Мұндай даулар азаматтық сот тәртібімен шешілуі тиіс.

Заңгерлер әйелге сотқа жүгінуге, сондай-ақ Қытай елшілігі мен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне өтініш жолдауға кеңес беріп отыр.

Айта кетейік, Қазақстанда суррогат ана болу «Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес рұқсат етілген.

Барлық жаңалық