Құрылтай жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Тиісті қаулыны Құрылтай депутаттары қабылдады.
Жаңа кеңес өңірлердің мәселелерін орталық деңгейге жеткізу және жергілікті өкілді органдармен байланысты күшейту үшін құрылады. Оның жұмысы арқылы мәслихаттардың заң жобаларын әзірлеуге қатысуына және қабылданған заңдардың өңірлерде орындалуына қатысты ұсыныстарын жеткізуіне мүмкіндік берілмек.
Кеңес жергілікті жерлердегі мәселелерді жинақтап, оларды шешуге бағытталған жүйелі ұсыныстар әзірлейді. Сонымен бірге өңірлерде тиімді нәтиже берген тәжірибелерді анықтап, басқа аймақтарға таратуға ықпал етеді.
Кеңес құрамына мәслихаттармен жұмыс тәжірибесі бар Құрылтай депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағалары кіреді.
Құрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық құрылады. Әр депутатқа бес өңірден бекітіледі.
Өзекті мәселелерді талқылау үшін қажет болған жағдайда арнайы жұмыс топтары да құрылуы мүмкін. Олардың құрамына Құрылтай мен мәслихат депутаттарынан бөлек, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары тартылады.