Қазақстанда мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік марапаттар қатарын толықтыру ұсынылды. Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ұсынысқа сәйкес, «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, қазақ музыкасының көрнекті өкілі Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталатын медаль тағайындау ұсынылған.
Заң жобасы мемлекеттік наградалар туралы заңнаманы мәдениет және өнер саласындағы қазіргі талаптарға сәйкестендіру мақсатында әзірленген. Құжатта наградаларға қойылатын талаптарды нақтылау және заңнаманың жекелеген нормаларын жетілдіру қарастырылған.
Комитет төрайымы Үнзила Шапақтың айтуынша, ұсынылған өзгерістер Конституция мен қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді. Сондай-ақ олар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кері әсер етпейді және республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді қажет етпейді.
Заң жобасы Президенттің мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін әзірленген.