Лионель Месси Аргентина ұлттық құрамасындағы соңғы матчын өткізді. Буэнос-Айрестегі әйгілі «Монументаль» стадионында өткен жолдастық кездесуде Аргентина Бенинді 3:0 есебімен жеңді. 39 жастағы шабуылшы бұл кездесуде бір гол соғып, екі нәтижелі пас берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ойынның нәтижесінен гөрі, жанкүйерлер үшін Мессидің ұлттық құрамадағы соңғы кездесуі маңызды болды. Матч алдында стадионда аргентиналық футболшыға арналған ерекше қоштасу рәсімі ұйымдастырылды. Алаңға «Gracias» («Раxмет») деген жазуы бар, 10-нөмірлі алып жейде шығарылды.
Мессидің өзі де эмоциясын жасыра алмады. Кездесу аяқталғаннан кейін ол ұлттық құрама сапында өнер көрсету өз өміріндегі ең үлкен мақтаныштардың бірі болғанын айтты.
«Бұл жейдені 20 жыл бойы кию мен үшін үлкен мақтаныш болды. Мен барымды салдым. Өмір бойы ойнағым келер еді, бірақ бұл тараудың аяқталғанын түсінемін», – деді Месси.
Ұлттық құрамадағы тарихи жол
Месси Аргентина құрамасындағы дебютін 2005 жылы жасады. Осы уақыт ішінде ол ұлттық команда тарихындағы ең үздік сұрмерген әрі ең көп ойын өткізген футболшы атанды. Месси ұлттық құрама сапында алты әлем чемпионатына қатысып, 2022 жылы Катарда әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар 2008 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы болды. Ол Аргентинамен бірге бірнеше рет Америка кубогының жүлдесін иеленді.
Ұзақ жылдар бойы ұлттық құрамадағы басты трофейлердің бірінен айырылып келген Месси мансабының соңғы кезеңінде Аргентинамен бірге үлкен жетістіктерге жетті. 2021 жылы Америка кубогын жеңіп, 2022 жылы әлем чемпиондығын иеленуі оның халықаралық мансабындағы ең маңызды кезеңге айналды.
«Монументальдағы» ерекше қоштасу
Бенинмен кездесуге дейін-ақ Буэнос-Айресте матчқа деген қызығушылық өте жоғары болды. Билеттер қысқа уақытта сатылып кеткен. Аргентиналық жанкүйерлер өздерінің футбол тарихындағы ең ұлы ойыншыларының бірін соңғы рет ұлттық құрама жейдесінде көру үшін стадионға жиналды.
Месси үшін бұл жай ғана жолдастық матч болған жоқ. Ол үшін Аргентина құрамасындағы 20 жылдан астам уақытқа созылған дәуірдің соңғы нүктесі болды.
Ойын барысында да Месси өзінің шеберлігін көрсетті. Ол гол соғып қана қоймай, командаластарына екі нәтижелі пас беріп, Аргентинаның 3:0 есебіндегі жеңісіне тікелей үлес қосты.
Осылайша Месси ұлттық құрамадағы соңғы матчын жеңіспен аяқтады. 208 ойын, 126 гол, әлем чемпионы, Америка кубогының жүлделері және миллиондаған жанкүйердің махаббаты. Лионель Мессидің Аргентина құрамасындағы дәуірі осылай аяқталды. Ал оның ұлттық құрама тарихындағы орны енді статистикамен ғана емес, аргентиналық футболдың ең жарқын дәуірлерінің бірі ретінде есте қалмақ.
Мессидің ұзақ жылдар бойы Аргентина футболына сіңірген еңбегіне қатысты жанкүйер Айдос Сәмиев өз пікірін білдірді.
«Менің ойымша, Месси – футбол тарихындағы ең үздік ойыншы. Криштианумен бірге талай биікті бағындырды. Бірақ Мессидің Аргентина құрамасындағы орны ерекше. Оның ойыны, алаңдағы сабырлылығы, пастары мен дриблингі әрқашан ерекше әсер қалдырады. Аргентина тағы бір аңызымен қоштасты. Мессидің футболда жеңбеген жүлдесі аз. Өз еліне және бүкіл әлемге футболды сүйдіре білген ұлы ойыншыға әрдайым құрмет көрсету керек. Криштианудың жолы бөлек, ал Месси – ол Месси», – деді Айдос Сәмиев.