Қоғам

«15 жылға сотталасыңдар!»: Ресейге жұмысқа кеткендердің қалай соғысқа тап болғаны туралы толығырақ

«15 жылға сотталасыңдар!»: Ресейге жұмысқа кеткендердің қалай соғысқа тап болғаны туралы толығырақ

Осындай жағдайға тап болғандардың бірі – 19 жастағы Айнабек Келдібек. Оның әпкесі Сымбат Келдібектің айтуынша, інісі биыл ғана Қазақстанда мерзімді әскери қызметін аяқтап, мамыр айында үйіне оралған. Көп ұзамай ол досынан Ресейде жақсы жалақы төленетін жұмыс барын естиді.

Бүгінде Айнабектің отбасы оны елге қайтаруға көмек сұрап отыр. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатқанын ресми мәлімдеді.

 

Бәрі күзетші жұмысынан басталған...

Айнабектің оқиғасындағы ең маңызды мәселенің бірі – оның Ресейге қандай жұмысқа және қандай шартпен шақырылғаны.

Кейіпкеріміз А. Келдібектің туған әпкесі Сымбат Келдібектің айтуынша, Айнабекке жұмысты бірге жүрген досы ұсынған. Ресейде күзет саласында жұмыс істеп, жақсы ақша табуға болатынын айтқан. Ата-анасы бастапқыда баласының баруына қарсы болған.

– Ата-анамыз біраз уақыт рұқсат бермеді. Кейін інім «мен де ақша табайын, жұмыс істейін» деп қайта-қайта сұрады. Ақырында ата-анамыз келісімін берді. Ол соғысқа барамын деп кеткен жоқ. Жұмыс істеп, ақша табамын деп кетті, – дейді Сымбат Келдібек.

Бірнеше БАҚ Айнабектің Ресейге 27 тамызда кеткенін жазады. Оның отбасы ұсынған мәлімет бойынша, Ресейге барғаннан кейін жігіттерді жұмыс беруші тарап қарсы алып, көлік пен тұратын жерін ұйымдастырған.

Оқиғаның осы тұсынан бастап ұсынылған жұмыс пен кейін болған жағдайдың арасында үлкен айырмашылық пайда болады.

Айнабектің туыстары бұл жұмысқа «Снежный Барс» атауымен жүрген күзет ұйымы арқылы барғанын айтады. Ашық реестрлерде дәл осындай атаудағы ООО ЧОП «Снежный барс» жеке күзет кәсіпорны бар. Ол 2000 жылы Чита қаласында тіркелген және негізгі қызметі жеке күзет қызметі деп көрсетілген. Компанияның қолданыстағы күзет қызметіне лицензиясы бары да ашық деректерде жазылған.

Дегенмен бұл жерде маңызды шектеу болып тұр. Ашық деректер аталған заңды тұлғаның бар екенін растағанымен, дәл осы компания басшылығы қазақстандықтарды әдейі әскери келісімшартқа түсірді деп айтуға әзірге жеткілікті дәлел жоқ. Сондықтан жұмысқа шақырған адамдардың, делдалдардың, компанияның және кейін әскери құжат рәсімдеген құрылымдардың рөлін бөлек қарастырған жөн.

Айнабектің отбасы берген аудиохабарламада өзін аталған күзет кәсіпорнының менеджері ретінде таныстырған адам айына шамамен 210 мың рубль жалақы, баспана, тамақ пен жол шығынын ұсынған. Жұмыс мектеп, балабақша, колледж, сауда орталығы мен қойма сияқты нысандарды күзетуге байланысты болады деп түсіндірілген. Әскери қызмет туралы сұраққа жұмысқа шақырушы әскери қызметшілер қажет емес екенін айтқан.

Яғни жігіттерге бастапқыда ұсынылған жұмыстың мазмұнында майданға қатысу туралы айтылмаған.

 

Күзет жұмысынан әскери комиссариатқа дейін

Ресейге жеткеннен кейін жағдай өзгереді.

Айнабектің өзінің туыстарына жіберген аудиосында айтқан сөзінше, оларды қарсы алып, тұратын жерге орналастырғаннан кейін жұмыс туралы тағы түсіндірген. Жігіттерге мектеп пен балабақша секілді нысандарды күзететіні айтылған.

Бірақ кейін олар әскери комиссариатқа жеткізілген.

Айнабек орыс тілін жақсы білмейтінін айтады. Алдында көптеген құжат болған. Қасындағы адамдардан сұрағанда, оның күзет жұмысына байланысты құжат екенін түсінген. Содан кейін қағаздарға қол қойған.

– Бізді әскери комиссариатқа апарды. Қолымызға көп құжат берді. Мен орыс тілін білмеймін, бәріне қол қойып тастадым. Кейін «болды, соғысқа кетесіңдер, бармасаңдар 15 жылға сотталасыңдар» деген әңгіме айтты, – деген Айнабек туыстарына жолдаған аудиохабарламасында. 

Осы тұс – бүкіл оқиғаның ең маңызды бөлігі. Айнабек жұмысқа орналасуға қатысты деп ойлаған құжаттардың арасынан әскери келісімшарт қалай пайда болды? Құжаттың мазмұны оған толық түсіндірілді ме? Орыс тілін білмейтін шетел азаматына қандай тәртіппен әскери келісімшарт жасалды? Ең бастысы, ол келісімшартқа саналы әрі ерікті түрде келісті ме?

Бұл сұрақтарға әзірге Ресей тарапынан жария түрде толық жауап берілген жоқ.

Айнабек анасына бастапқы құжаттардың бірінің суретін жіберген. Онда іріктеуден өткен жағдайда Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасалатыны, 3 миллион рубль көлеміндегі бір реттік төлем және ай сайын 210 мың рубль қарастырылатыны көрсетілген. Бірақ, мәселен, Азаттық радиосы зерттеген құжаттың өзі әскери келісімшарт емес, азаматтың Ресейге баруына жәрдемдесетін басқа ұйыммен жасалған құжат болған. Ал Айнабек кейін Ресей әскерімен жасалды делінген келісімшарттың көшірмесін қолына алмағанын айтқан.

Демек, бұл оқиғада кемінде екі түрлі құжаттың болғанын ажыратуға болады. Дәлірек айтсақ, Ресейге жұмысқа баруға байланысты бастапқы құжат және кейін пайда болған әскери келісімшарт.

 

«Отанын қорғап келген балалар өз Отанына керек пе?»

Айнабектің оқиғасында тағы бір маңызды деталь бар. Ол Ресейге кетерден бірнеше ай бұрын ғана Қазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеп келген.

Сымбат Келдібектің айтуынша, қазір соғыс аймағына жіберілу қаупі төніп тұрған Қайсар Алмаз да Айнабекпен бірге әскери борышын өтеген. Қайсар маусым айында әскерден оралған.

– Қайсар Алмаз маусым айында әскерден келген. Ол менің інім Айнабекпен бірге әскери борышын өтеген. Екеуі де Отан алдындағы борышын өз еркімен өтеп келген азаматтар. Бірақ қазір бізде бір ғана сұрақ бар: Отанын қорғауға дайын болған осы балалар өз Отанына керек пе? – дейді Сымбат Келдібек.

Отбасының айтуынша, Айнабек қазір Луганск маңында. Онымен тұрақты байланысу мүмкін емес. Кейде ғана басқа адамдардың байланыс құралдары арқылы хабар береді. Сымбаттың сөзінше, лагерьде интернет пен электр жарығына қолжетімділік шектеулі.

6 қазанда тағы бір видеоүндеу тарады. Онда Айнабекпен бірге әскери қызмет атқарған Қайсар Қазақстан Президенті мен мемлекеттік органдардан көмек сұрап, жігіттерді соғысқа жіберу басталғанын айтады. Ашық деректерде оның Айнабекпен бірге жүрген қазақстандықтардың бірі екені көрсетілген.

Сымбат Келдібектің айтуынша, бастапқыда осындай жағдайда қалған қазақстандықтардың саны оннан асқан. Кейін олардың кейбірін басқа жаққа алып кеткен. Сондықтан олардың нақты саны үнемі өзгеріп отырған.

 

Бұл жалғыз жағдай емес...

Айнабек Келдібектің оқиғасы – Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін әскери құрылымға тап болғаны айтылған жалғыз жағдай емес.

Азаттық Айнабекпен бірге 25 жастағы Нұржан Әдиетовтің оқиғасын да жариялады. Нұржан да Ресейге күзет саласында жұмыс істеу үшін барғанын, кейін алданып қалғанын анасына хабарлаған. Бұған дейін Мирас Тасжарғановтың да осыған ұқсас жағдайда қалғаны хабарланған.

Журналист Лұқпан Ахмедияров Ресей әскері қатарына шетел азаматтарын тартудың бірнеше тәсілі кездесетінін айтқан. Оның сипаттауынша, соның бірі – жоғары жалақы ұсыну, екіншісі – Ресейге басқа мақсатпен барған адамды қысым арқылы келісімшартқа итермелеу, тағы бірі – қарапайым азаматтық жұмыс ұсыну.

Айнабекке қатысты жағдай осы үшінші схемаға ұқсайды: алдымен азаматтық жұмыс ұсынылады, жол жүру мен орналастыру ұйымдастырылады, адам Ресейге барған соң құжат рәсімдеу басталады, кейін әскери келісімшарт мәселесі шығады.

Бірақ Айнабек пен басқа жігіттерге қатысты бұл әрекеттердің әдейі ұйымдастырылған бір жүйенің бөлігі болған-болмағанын тергеу анықтауға тиіс.

 

Заңгер: мұндай өтініштер бұрын да түскен

Айнабектің отбасына заңгер Мейірман Шекеев көмектесіп жүр. Оның айтуынша, Ресейге кеткен баласымен байланыса алмай қалған ата-аналардың өтініші бұған дейін де түскен.

М. Шекеев өз пікірінде кейде аптасына бір ата-ана хабарласатынын айтқан. Бірінің баласы жоғалып кетсе, енді бірі туысына соғысқа бара жатқанын ғана хабарлап үлгереді. Заңгер шетелдегі жұмысқа қатысты ауызша уәдеге емес, жазбаша келісімшарттың мазмұнына ерекше назар аудару қажет екенін ескертеді.

Айнабек ісіне қатысты Шекеев Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен де байланысқан. 3 қазанда ол Қазақстан мен Ресейдің соғыс аймағында қалған қазақстандықтарды қайтару мәселесін талқылағанын хабарлады.

Әзірге ашық деректерден осы іске тікелей кіріскені нақты расталған заңгер – Мейірман Шекеев.

 

Қазақстан Ресейге нота жолдады

Бұл мәселе енді тек жекелеген отбасылардың өтініші деңгейінде қалып отырған жоқ.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 17 қыркүйекте елшіліктің консулдық бөлімі Мирас Тасжарғановпен және оның анасымен байланысқан. Мирас өзінің қиын жағдайда қалғанын және жанында Қазақстанның тағы бірнеше азаматы бар екенін айтқан. 18 қыркүйекте Қазақстан елшілігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне азаматтарды елге қайтаруға жәрдемдесу жөнінде дипломатиялық нота жолдаған.

Ал 2 қазанда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесті.

СІМ-нің ресми хабарламасында тараптар соғыс қимылдары аймағында жүрген Қазақстан азаматтарының жағдайын талқылап, оларды Отанына қайтаруға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге уағдаласқаны айтылған.

Бірақ әзірге қанша қазақстандықтың қайтарылатыны, олардың нақты қай жерде жүргені және елге қашан жеткізілетіні туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Сымбат Келдібекті де осы белгісіздік алаңдатады. Оның айтуынша, отбасы 30 қыркүйектен бері мемлекеттік органдарға, дипломатиялық өкілдіктерге және журналистерге жүгініп келеді.

– Балалармен күн сайын байланыса алмаймыз. Бірде хабар береді, бірде байланыс жоқ. Қасындағы балалардың кейбірін алып кетіп жатыр. Қалғандары өздері үшін де, жанындағы жігіттер үшін де көмек сұрап отыр. Бізге қазір ең керегі – нақты әрекет пен нақты жауап, – дейді ол.

 

Елге оралса, жауапкершілік мәселесі қалай шешіледі?

Бұл оқиғаның тағы бір күрделі қыры бар. Қазақстан заңнамасында азаматтың басқа мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша Қазақстан азаматының шетелдегі қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы бес жылдан тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Ал жалдамалылыққа Қылмыстық кодекстің 170-бабы қолданылады.

Бірақ Айнабек пен оның жанындағы азаматтардың жағдайында шешуші мәселе – қасақана қатысу мен еріктілік.

Егер адам Ресейге соғысқа қатысу үшін емес, азаматтық жұмысқа орналасу мақсатында барғанын, әскери келісімшарттың мазмұнын білмегенін, ал кейін қысым мен қорқытуға тап болғанын дәлелдейтін материалдар болса, бұл жағдайды бағалағанда сол мән-жайлардың барлығы ескерілуге тиіс. Оның ішінде жұмыс туралы бастапқы жарнамалар, менеджерлермен хат алмасу, аудиохабарламалар, жол жүру деректері, қол қойған құжаттар, туыстарына жіберілген хабарламалар маңызды дәлел болуы мүмкін.

Сондықтан қазір отбасылар үшін балаларды аман алып қалумен қатар, болған оқиғаның бүкіл цифрлық ізін сақтау да маңызды болып отыр.

 

Жоғары жалақыдан басталған жол

Айнабек Келдібектің оқиғасында бір-бірімен қабысып жатқан бірнеше кезең бар: таныс арқылы жоғары жалақылы жұмыс туралы ақпарат алу, күзет қызметіне шақырту, жол мен баспананы ұйымдастыру, Ресейге жеткеннен кейін құжат рәсімдеу, әскери комиссариат және соңында әскери келісімшарт.

Осының бәрі бір күнде болған жоқ. Сондықтан бұл істі тек «құжатқа оқымай қол қойды» деген бір сөйлеммен түсіндіру жеткіліксіз.

19 жастағы жігіт бірнеше ай бұрын ғана Қазақстанда әскери борышын өтеп, үйіне оралған. Отбасының айтуынша, оның Ресейге барудағы мақсаты – соғыс емес, жұмыс істеп, ақша табу болған.

Қазір ол және жанындағы қазақстандықтар елге қайтуға көмектесуді сұрап отыр.

Ал олардың туыстары үшін мәселе бір ғана сұраққа тіреледі.

– Олар Отан алдындағы борышын өтеп келді. Енді сол Отан оларды қиын жағдайда қалдырмайды деп үміттенеміз...– дейді Сымбат Келдібек.

 

Барлық жаңалық