Грэмми жүлдегері Иманбек Зейкенов «Құрмет» орденімен марапатталды. Награданы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Бұл туралы министр Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ozgeris.info.
Республика күніне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Министрдің айтуынша, марапатталған азаматтардың кейбірі салтанатты рәсім кезінде шетелде болғандықтан, өз наградаларын уақытында ала алмаған.
Бүгін осы құрметті наградаларды өз отандастарымызға табыстау мен үшін айрықша мәртебе болды, – деп жазды Аида Балаева.
Оның мәліметінше, «Құрмет» орденімен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы жанындағы Съездің бастамаларын іске асыру департаментінің бұрынғы басшысы Қарлығаш Қалилаханова және «Грэмми» жүлдесін алған тұңғыш қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов марапатталды. Ал белгілі актер Еркебұлан Тоқтар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
Министр марапат иелерін шын жүректен құттықтап, олардың ел дамуындағы еңбегін жоғары бағалады.
Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Игілікті жолдағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді ол.