Мәдениет

Қазақстанда театр билеті бір жылда 42%-ға қымбаттады: мәдениетке қолжетімділікке бұл қалай әсер етеді?

Қазақстанда театр билеті бір жылда 42%-ға қымбаттады: мәдениетке қолжетімділікке бұл қалай әсер етеді?

Қазақстанда жаңа театр маусымы басталысымен көрермен үшін тағы бір өзгеріс байқалды — спектакль көру құны айтарлықтай өскен. Бюро ұлттық статистикасының деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында театр қызметтерінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,5%-ға артқан. Яғни бір жылда билет бағасы шамамен 42%-ға қымбаттаған. Бұл — соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында театр қызметтерінің бағасы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда небәрі 7,2%-ға өскен еді.
 
Бағаның өсуі бір күнде болған жоқ
 
Театр билеттерінің қымбаттауы бір мезетте болған өзгеріс емес. Баға динамикасына қарасақ, негізгі өсім өткен жылдың соңында және 2026 жылдың мамырында байқалған. Мәселен, 2025 жылдың қазан айында театр қызметтері бір айда 10,1%-ға, қарашада 6,9%-ға, желтоқсанда тағы 8,1%-ға қымбаттаған. Ал 2026 жылдың мамырында бағалар бір айдың өзінде 5,8%-ға өскен.

Бұл жерде театр билеттерінің бағасы жалпы инфляциядан бөлек, мәдениет саласындағы нақты шығындардың өзгерісін де көрсететінін ескеру қажет. Театрдың жұмысы тек сахнадағы қойылымнан тұрмайды. Ғимаратты ұстау, жарық пен дыбыс жабдықтары, декорация, костюм, шығармашылық ұжымның еңбекақысы, гастрольдік сапарлар мен жаңа қойылымдарды дайындау сияқты көптеген шығын бар. Сондықтан бағаның өсуін тек «билет қымбаттады» деген тұрғыда қарастыру мәселенің толық картинасын бермейді.
 
Алматыда өсім республикадағы ең жоғары деңгейде
 
Аймақтар арасында ең үлкен өсім Алматы қаласында тіркелген. Мұнда театр қызметтерінің бағасы бір жылда 74,1%-ға өскен. Астанада бұл көрсеткіш 25,7% болды. Сонымен қатар Ақтөбе облысында — 37,5%, Павлодар облысында — 30%, Абай облысында — 29,2% өсім байқалған. Аймақтардағы айырмашылық театр нарығының құрылымы, репертуар, қойылымдардың өзіндік құны және билет бағасының бастапқы деңгейі сияқты факторларға байланысты болуы мүмкін. Алматыдағы 74,1%-дық көрсеткіш әсіресе назар аудартады. Өйткені қалада театрлар саны да белсенді өсіп келеді. Өткен жылы Қазақстандағы театрлар саны 85-ке жетсе, оның үштен біріне жуығы Алматыға тиесілі болған.
 
Театр көбейді, көрермен де бар
 
Бағаның өсуін театр саласының тоқырауы деп түсінуге болмайды. Керісінше, статистика бұл бағытта белгілі бір қозғалыс бар екенін көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 85 театр жұмыс істеген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11 театрға көп. Өсімнің елеулі бөлігі Алматыдағы театрлардың көбеюіне байланысты: бір жылдың ішінде қалада 9 жаңа театр пайда болған. Сонымен қатар жеке театрлардың саны да артқан. 2024 жылы олардың саны 15 болса, 2025 жылдың соңында 25-ке жеткен. Бұл — мәдениет саласында мемлекеттік театрлармен қатар жеке бастамалардың да көбейіп келе жатқанын көрсететін маңызды үрдіс.
 
Бірақ билет бағасы мен мәдениетке қолжетімділік арасында тепе-теңдік керек
 
Театр саласының дамуы үшін қаржы қажет екені түсінікті. Жаңа қойылым жасау, сахнаны техникалық жабдықтау, актерлердің еңбегін төлеу арзан емес. Дегенмен билет бағасының жыл ішінде 41,5%-ға өсуі басқа мәселені алға шығарады: театр мәдениеті халықтың қандай бөлігі үшін қолжетімді болып қала береді?

Қазақстандағы орташа театр билеті қыркүйек айында шамамен 3 мың теңге деңгейінде болған. Бұл көрсеткіш көрші елдердің кейбірімен салыстырғанда әлі де төмен. Мысалы, келтірілген ашық деректер бойынша Ресейде орташа билет құны 29,7 доллар, Қырғызстанда — 6,9 доллар, Өзбекстанда — 8,5 доллар шамасында. Алайда салыстыру кезінде орташа табыс, қаладағы өмір сүру құны және әр театрдың билет саясаты сияқты факторларды да ескеру қажет. Сондықтан тек доллармен көрсетілген билет бағасын салыстыру көрерменнің нақты қаржылық жүктемесін толық көрсете алмайды.
 
Театрға сұраныс сақталып отыр
 
Қызығы, бағаның өсуімен қатар театрларға деген көрермен қызығушылығы да төмендеп кеткен жоқ. 2025 жылы театрлар өткізген іс-шараларға барған көрермен саны 3,2 млн адамға жетіп, бір жыл ішінде 2,5%-ға өскен. Театр сахналары өткен жылы 2,6 мыңнан астам рет көрермен қабылдаған. Жаңа қойылымдар саны да 390-нан асқан. Ал 2025–2026 жылғы театр маусымында қазақстандық театрлар 500-ден астам гастроль ұйымдастырып, 191 фестивальге қатысқан. Театр ұжымдарының сапарлары Қазақстанмен шектелмей, Түркия, Сингапур сияқты шетелдерде де өткен. Бұл көрсеткіштер театрдың тек мәдени нысан емес, елдің шығармашылық индустриясының бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Осыған қатысты театрға жиі баратын Ақлима Нұртайқызы соңғы уақытта театр қойылымдарына деген халықтың қызығушылығы артқанын айтады. Оның сөзінше, билет бағасының өсуіне қарамастан, жақсы қойылымдарға билет табу оңай емес.
«Театр бағасының қымбаттағаны былай тұрсын, орын табудың өзі қиын. Астанада қандай да бір танымал қойылымның көрсетілімі болса, көп жағдайда зал лық толып, аншлаг болады. Жақында өзім де көптен бері бармаған қойылымдарға барып жүрмін. Театрға барған кезде ерекше әсер аласың, бұл — жанның рахаты. Сондықтан театрлардағы қойылымдар саны көбейіп, көрерменге ұсынылатын спектакльдер көп болса екен. Халықтың театрға деген қызығушылығы бар, оны одан әрі дамыту қажет»,-дейді Ақлима Нұртайқызы.
 
37,8 млрд теңге инвестиция: нәтиже билет бағасымен ғана өлшенбеуі керек
 
2020 жылдан бері театр саласында 37,8 млрд теңгеге жаңа негізгі құралдар пайдалануға берілген. Бұл қаражат театр ғимараттарын салуға, техникалық жарақтандыруға және материалдық базаны дамытуға бағытталған. Демек, салада инфрақұрылым жаңарып жатыр. Театрлар саны көбейіп, жеке студиялар ашылып, жаңа қойылымдар дүниеге келуде. Ендігі маңызды мәселе — осы инвестициялардың көрерменге қалай әсер ететіні. Театрдың техникалық мүмкіндігі артқан сайын қойылым сапасы, репертуардың әртүрлілігі және көрерменге ұсынылатын мәдени өнім де жақсаруы тиіс.
 
Театр ілгіштен басталады...
 
Қазақстандағы театр билетінің бір жылда 41,5%-ға қымбаттауы — жай ғана баға статистикасы емес. Бұл мәдениет саласының алдында тұрған маңызды сұрақтарды көрсетеді. Бір жағынан, театрлар көбейіп, жеке шығармашылық жобалар дамып, жаңа қойылымдар қойылып, көрермен саны өсіп келеді. Екінші жағынан, билет құнының жылдам өсуі мәдени шараларға тұрақты баратын аудиторияның бір бөлігіне қосымша қаржылық салмақ түсіруі мүмкін. Сондықтан алдағы кезеңде театр саласының дамуын тек театр саны немесе билет бағасы арқылы емес, көрерменге қолжетімділік, қойылым сапасы, аудиторияның тұрақтылығы және мәдени өнімнің экономикалық тиімділігі арқылы бағалау маңызды.

Театр – ең қиын өнердің бірі. Өйткені ол әдебиетті, актерлік ойын мен музыканы біріктіреді. Сапалы спектакль жасау үшін көп адамның күш-жігері қажет және спектакльдің сәтті шығуы олардың әрқайсысына байланысты. Қоғам қазіргі театрдың мүмкіндігін мектеп оқушыларының көркемдік тәрбиесінің нақты құралы ретінде қарастырады. Театр барлық уақытта дарынды көрермен мектебі болған. Театр – тәрбие құралы.Театрдың негізгі капиталы — ғимарат та, сахна да емес, көрермен. Билет бағасы өскен сайын сол көрерменді театрдан алыстатпай, керісінше жаңа аудиторияны тартудың тиімді жолдарын іздеу саланың келесі маңызды міндеттерінің бірі болмақ.

Барлық жаңалық