Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің энергетикалық инфрақұрылымының күзгі-қысқы кезеңге дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тұтынушылар электр және жылу энергиясымен тұрақты қамтамасыз етілуде, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Жылыту маусымына дайындық аясында еліміздің электр стансаларында 8 энергоблок, 49 қазандық және 37 турбина жөнделді. Өңірлік электр желілерінде 17,1 мың шақырым электр беру желісі мен 444 қосалқы стансада жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 377 шақырым жылу желісі жөндеуден өтті.
Министрдің мәліметінше, туындаған технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылуда.
«Аталған жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27%-ға ұлғайтылды. Нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52%-ға дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6%-ға азайды», – деді Ерлан Ақкенженов.
Бұдан бөлек, биылғы жылдың алғашқы 10 айында Қазақстанда 102 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3%-ға жоғары.