Қазақстанда 15 қараштбттадан бастап интернетті орталықтандырылған басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бекіткен құжатқа сәйкес, бұған дейін негізінен қалааралық және халықаралық байланыс операторлары қатысқан жүйеге енді ұялы байланыс операторлары мен хостинг қызметін көрсететін компаниялар да қосылады. Мемлекет осылайша интернет желілерінің едәуір бөлігін бір орталықтан басқару мүмкіндігін кеңейтпек. Ресми құжатта бұл өзгерістер телекоммуникация желілерін басқару тәртібін жетілдіру ретінде көрсетілген. Бірақ оның интернетке қолжетімділікке, ақпарат еркіндігіне және байланыс қызметінің сапасына ықпалы қандай болмақ?
Ozgeris.info сайты жаңа ереженің мән-жайын зерделеп, Қазақстандағы интернетті басқару жүйесін шетелдік тәжірибемен салыстырды.
Интернетті басқарудың жаңа тәртібі нені өзгертеді?
30 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару қағидаларын жаңартатын №133/ҚЕ бұйрыққа қол қойды. Құжат 4 қарашада жарияланып, 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұйрықтың негізгі ерекшелігі – интернетті басқару жүйесіне тікелей қосылуға міндетті компаниялардың қатары кеңейеді. Бұған дейін мұндай міндет негізінен қалааралық және халықаралық байланыс операторларына жүктелген. Енді оған ұялы байланыс операторлары, хостинг-провайдерлер және ірі интернет платформаларының кэш-серверлері қосылған желілердің операторлары да қамтылады. Бұл өзгерісті интернетті бақылаудың мүлде жаңа жүйесі пайда болды деп түсінуге болмайды. Қазақстанда мұндай тетік 2022 жылдан бері жұмыс істейді. 2024 жылы оның талаптары спутниктік байланысқа да қатысты толықтырылған. Ал биылғы өзгеріс осы жүйенің ауқымын кеңейтіп отыр.
Жаңа тәртіп бойынша ұялы байланыс операторларының абоненттеріне тиесілі интернет-трафик орталықтандырылған басқару жүйесінің тиісті торабы арқылы өтуге тиіс. Хостинг-провайдерлерде орналасқан интернет ресурстарына қолжетімділік те осы жүйе арқылы қамтамасыз етіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, интернеттегі ақпараттың пайдаланушыға жететін жолында мемлекеттік басқару жүйесіне қарасты қосымша техникалық буын болады. Мысалы, адам ұялы телефонынан сайт ашқанда немесе бейнежазба көргенде, ақпарат байланыс операторының желісі арқылы жеткізіледі. Жаңа талап осы желілердің орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылуын көздейді. Дегенмен мұны әрбір адамның барлық интернет әрекеті міндетті түрде жеке бақылауға алынады деп түсіндіруге негіз жоқ. Құжат желілердің қосылу тәртібін реттейді, ал пайдаланушылардың жеке мәліметтерін өңдеудің нақты техникалық мүмкіндіктері толық ашылмаған.
Өзгеріс интернет платформаларының кэш-серверлеріне де қатысты. Мұндай серверлер қазақстандықтар жиі қарайтын бейнежазбалар мен басқа да ақпаратты ел ішіндегі немесе пайдаланушыға жақын орналасқан жабдықта сақтап, олардың жылдам ашылуына көмектеседі. Мәселен, танымал бейнежазбаны әр пайдаланушы шетелдегі негізгі серверден қайта-қайта жүктемей, жақын орналасқан серверден ала алады. Бұл халықаралық байланыс арналарына түсетін салмақты азайтып, интернет жылдамдығын жақсартады. Жаңа ережеде осындай серверлер қосылған желілердің де орталықтандырылған басқару жүйесіне қосылуы қарастырылған. Демек өзгеріс тек шетелден келетін ақпаратқа емес, ел ішіндегі интернет инфрақұрылымына да қатысты. Алайда кэш-серверлерді қамту олардың ішіндегі барлық ақпарат автоматты түрде мемлекеттік органдарға беріледі деген сөз емес. Мұндай тұжырым жасау үшін жабдықтың нақты техникалық сипаттамалары қажет.
Интернетке шектеу қою мүмкіндігі кеңейе ме?
Жаңа құжаттың ең көп талқыланған тұсы интернет-трафикті өңдейтін жабдыққа қатысты. Exclusive.kz басылымының зерттеуінше, орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмысын «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамы қамтамасыз етеді. Компаниялар осы мекемеден техникалық шарттар алып, желілерін жүйеге қосуға дайындауы керек. Ол үшін жабдықтың мүмкіндіктері, байланыс арналарының өткізу қабілеті, серверлік бөлмелердің қауіпсіздігі және басқа да талаптар тексеріледі. Оператор жабдықты өзі сатып алып, өз аумағына орналастыра алады. Бірақ мұндай жабдыққа қойылатын нақты техникалық талаптар қызметтік пайдалануға арналған қосымшада берілген. Яғни құжаттың бұл бөлігі көпшілікке ашық емес.
Осы тұста екі мәселені ажыратқан жөн. Біріншісі – интернет желілерін техникалық басқару. Байланыс операторларының жұмысын үйлестіру, желідегі ақауларды анықтау, трафиктің дұрыс бағытталуын қамтамасыз ету үшін мұндай құралдар қажет болуы мүмкін. Екіншісі – интернет ресурстарына қолжетімділікті шектеу. Қазақстандағы орталықтандырылған басқару жүйесі ұлттық қауіпсіздік органдары мен масс-медиа саласындағы уәкілетті органның тиісті нұсқамаларын техникалық тұрғыдан орындауға да арналған. Бұл нұсқамалар негізінде интернет ресурстары мен желілердің тізімі жасалып, қажетті басқару параметрлері енгізіледі. Демек жүйенің қызметі тек байланыс сапасын қамтамасыз етумен шектелмейді. Ол белгілі бір ресурстарға қолжетімділікті шектеу шешімдерін орындауға да мүмкіндік береді.
Бұған дейін интернетті басқару жүйесі негізінен халықаралық және қалааралық байланыс желілеріне сүйенсе, енді ұялы байланыс операторлары мен хостинг қызметін көрсететін компаниялар да тікелей қамтылады. Бұл мемлекеттің интернет инфрақұрылымына техникалық ықпал ету аясын кеңейтеді. Бірақ нақты қандай ресурстарға, қандай жағдайда және қанша уақытқа шектеу қойылатыны жаңа бұйрықтың өзінен толық көрінбейді. Exclusive.kz атап өткендей, қағидаларда мемлекеттік органдардың нұсқамалары қанша мерзімге берілетіні және оларға шағымданудың арнайы тәртібі көрсетілмеген. Бұл шағымдану құқығы мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Дегенмен интернетті басқару жүйесінің өз ережесінде мұндай рәсімдердің егжей-тегжейлі жазылмауы шешімдердің ашықтығына қатысты сұрақ туғызады.
Мұнда техникалық мүмкіндіктің болуы мен оның іс жүзінде қолданылуын шатастырмау маңызды. Жаңа ережеде барлық әлеуметтік желіні бұғаттау, азаматтардың жеке хат-хабарын жаппай оқу немесе интернетті толық өшіру туралы норма жоқ. Сонымен қатар жабдықтың нақты сипаттамалары жарияланбағандықтан, оның қандай деңгейде ақпаратты талдай алатынын тәуелсіз бағалау қиын. Сондықтан «мемлекет енді барлық хабарламаны оқи алады» деген тұжырым да, «өзгеріс азаматтарға мүлде әсер етпейді» деген пікір де әзірге жеткілікті дәлелге сүйенбейді.
Жаңа талаптар байланыс операторларына қаншаға түседі?
Интернетті орталықтан басқарудың кеңеюі ең алдымен байланыс саласындағы компанияларға қосымша міндет жүктейді. Жаңа ережеге сәйкес, операторлар Мемлекеттік техникалық қызметке өтініш беріп, техникалық шарттар алуы қажет. Оларды беруге 15 жұмыс күні қарастырылған. Одан кейін компанияларға желілерін қосуға дайындау үшін 30 күнтізбелік күн беріледі. Жабдықты өзі сатып алатын немесе өз серверлік бөлмесіне орналастыратын компаниялар қосымша тексеруден өтеді. Мамандар жабдықтың талапқа сәйкестігін, серверлік бөлменің жағдайын және жүйенің сынақ трафигімен жұмысын бағалайды. Бұдан бөлек, операторлар порт сыйымдылығын жалға алу туралы шарт жасасуы керек. Алайда оның құны жарияланған ережеде көрсетілмеген.
Бұл шығындардың түпкілікті кімге түсетіні әзірге белгісіз. Егер операторлар қосымша жабдық сатып алып, серверлік инфрақұрылымын жаңартуға немесе байланыс арналарының өткізу қабілетін арттыруға мәжбүр болса, олардың шығыны өсуі мүмкін. Ал байланыс саласында мұндай шығындардың бір бөлігі уақыт өте қызмет бағасына әсер етуі ықтимал. Дегенмен 15 қарашадан бастап интернет тарифтері қымбаттайды деп кесіп айтуға негіз жоқ. Ол үшін операторлардың нақты шығынын, Мемлекеттік техникалық қызметтің тарифтерін және компаниялардың баға саясатын білу қажет. Жаңа құжаттың өзінде қарапайым абоненттерге қосымша төлем енгізу қарастырылмаған.
Интернет жылдамдығына қатысты да осыны айтуға болады. Ақпарат ағыны қосымша техникалық торап арқылы өткенде, оның жұмысы байланыс сапасына әсер етуі мүмкін. Егер жабдықтың өткізу қабілеті жеткілікті болса, пайдаланушы айтарлықтай өзгеріс байқамауы ықтимал. Ал жүйеге түсетін салмақ шамадан тыс артса немесе техникалық ақау пайда болса, интернеттің баяулауы мен жекелеген қызметтердің уақытша қолжетімсіз қалу қаупі бар. Қағидаларда байланыс арналарын резервтеу талаптары қарастырылғанымен, жаңа жүйенің нақты қанша трафикті өңдей алатыны жөніндегі ашық мәлімет жеткіліксіз. Сондықтан өзгерістің интернет сапасына әсерін бағалау үшін техникалық сынақтардың нәтижелері мен операторлардың түсініктемесі қажет.
Қазақстанда интернет бұған дейін де шектелген
Жаңа ережені бағалағанда Қазақстандағы интернетті шектеудің бұрынғы тәжірибесін ескермей кетуге болмайды. Ең белгілі мысал – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы. Сол кезде елде интернет байланысы бірнеше күнге үзілді. Халық банктік қосымшаларды пайдалана алмай, онлайн төлем жасау, такси шақыру, хабар алмасу және күнделікті жұмысын жүргізу мүмкіндігінен айырылды. Халықаралық Internet Society ұйымының дерегінше, 2022 жылғы 5 қаңтарда басталған интернеттің жаппай өшірілуі 5 күн 15 сағатқа созылған. Ұйымның 2025 жылы жариялаған Қазақстандағы интернет инфрақұрылымы туралы зерттеуінде сол кездегі экономикалық шығын 32 миллион доллардан асқаны көрсетілген. Ал АҚШ-тағы Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес жариялаған талдауда шығын 400 миллион доллардан жоғары бағаланған. Екі есептің айырмашылығы қолданылған әдістемелерге байланысты болуы мүмкін. Дегенмен екеуі де интернеттің ұзақ уақыт жұмыс істемеуі экономикаға айтарлықтай зиян келтіретінін көрсетеді.
Қазақстанда интернетті шектеу тек Қаңтар оқиғасымен байланысты емес. Internet Society ұйымының мәліметтер базасында 2019 жылғы 9 мамырда және 11 маусымда әлеуметтік желілерге қолжетімділіктің шектелгені туралы хабарламалар тіркелген. Алайда ұйым бұл екі оқиғаны толық расталмаған деректер санатына жатқызады. Ал 2022 жылғы қаңтардағы интернеттің жаппай өшірілуі расталған оқиға ретінде көрсетілген. Бұдан бөлек, 2024 жылы Open Observatory of Network Interference (OONI), Internet Freedom Kazakhstan және Eurasian Digital Foundation жүргізген зерттеуде Қазақстанда кемінде 17 ақпараттық сайт пен интернеттегі шектеулерді айналып өтуге арналған 73 құралдың бұғатталғаны анықталған. Бұл деректерді халықаралық Freedom House ұйымы да 2025 жылғы есебінде келтірді.
Freedom House-тың 2025 жылғы интернет еркіндігі индексінде Қазақстан 100 мүмкін ұпайдың 37-сін жинаған. Ұйым елдегі интернет еркіндігін шектеулі деп бағалайды. Бұл көрсеткіш интернетке қолжетімділік, ақпаратты шектеу және пайдаланушылардың құқықтарын қорғау сияқты бірнеше өлшем бойынша есептеледі. Есепте Қазақстанда интернет инфрақұрылымының дамуы мен ұялы байланыс нарығындағы бәсекенің артуы оң өзгеріс ретінде аталған. Сонымен қатар сайттарды бұғаттау, әлеуметтік желідегі жазбалар үшін азаматтарды жауапқа тарту және сөз еркіндігіне қатысты шектеулер сынға алынған. Демек елде интернет инфрақұрылымы дамып жатқанымен, оны пайдалану еркіндігіне қатысты мәселелер әлі де бар.
Ресей мен Қытайда интернетті бақылау қалай жүргізіледі?
Қазақстандағы өзгерістерді түсіну үшін Ресей тәжірибесіне назар аударған жөн. Көрші елде 2019 жылы «егемен интернет» туралы заң қабылданды. Ресей билігі бұл шешімді сыртқы қауіп-қатерлер кезінде елдегі интернеттің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндірді. Заң бойынша байланыс операторлары арнайы техникалық жабдық орнатып, желілерінің құрылымы мен трафикті бағыттау туралы мәліметтерді мемлекеттік реттеуші органға ұсынуға міндеттелді. Ресейдің байланыс саласын қадағалайтын Роскомнадзор мекемесі осы жабдықтар арқылы интернет-трафиктің бағытын өзгертіп, жекелеген ресурстарға қолжетімділікті шектей алады. Жүйенің ерекшелігі – мемлекеттік органның операторлар желісіндегі техникалық құралдарды қашықтан басқару мүмкіндігі.
Internet Society ұйымы Ресейдегі мұндай тәсілді сынға алған. Ұйым мамандарының түсіндіруінше, интернеттің басты артықшылығы – оның көптеген тәуелсіз желіден тұруы. Бір бағытта ақау пайда болса, ақпарат басқа жолмен жеткізілуі мүмкін. Ал басқару бір орталыққа шоғырланған сайын желілердің дербестігі азайып, бүкіл жүйенің жұмысы ортақ техникалық шешімдерге тәуелді бола түседі. Ресейдегі жағдай бұл қауіптің тек теория жүзінде қалмайтынын да көрсетті. Freedom House-тың 2025 жылғы есебінде елде YouTube жұмысының әдейі баяулатылғаны, Signal мессенджерінің бұғатталғаны және мобильді интернетке шектеулер қойылғаны айтылған. Ресей интернет еркіндігі индексінде 100 ұпайдың 17-сін ғана жинаған.
Қазақстандағы жаңа ереженің Ресей жүйесіне ұқсас тұсы – байланыс операторларының желілерін мемлекеттік басқару тетігіне қосу және интернет-трафикке техникалық ықпал ету мүмкіндігін кеңейту. Бірақ екі елдің жүйесін толық бірдей деуге болмайды. Ресейде интернетті оқшаулау мен шектеудің нақты тәжірибесі қалыптасқан. Қазақстанда 15 қарашада күшіне енетін ереже мұндай оқшаулауды тікелей көздемейді. Оның үстіне қазақстандық жүйеде қолданылатын жабдықтың толық техникалық сипаттамалары жарияланбаған. Сондықтан екі елдің бақылау мүмкіндіктерін бір деңгейде деп бағалау әзірге негізсіз.
Қытайда интернетті басқару бұдан да ауқымды. Елде халықаралық интернетпен байланыс арнайы бақылау жүйелері арқылы реттеледі. Шетелдік бірқатар әлеуметтік желі, ақпараттық ресурс пен іздеу қызметіне қолжетімділік шектелген. Халықаралық ортада Great Firewall деген атаумен белгілі бұл жүйе интернет-трафикті сүзгіден өткізуге, белгілі бір ресурстарды бұғаттауға және ақпарат ағынын бақылауға мүмкіндік береді. Қытай билігі мұндай саясатты ұлттық қауіпсіздікті сақтау, заңсыз ақпараттың таралуына жол бермеу және елдің цифрлық кеңістігін қорғау қажеттігімен негіздейді. Ал интернет еркіндігін зерттейтін халықаралық ұйымдар бұл жүйе ақпаратқа қолжетімділікті шектеп, мемлекеттік бақылауды күшейтетінін алға тартады.
Қытайдың Ресейден де, Қазақстаннан да басты айырмашылығы – интернетті бақылаудың байланыс желілерімен ғана шектелмеуі. Онда онлайн платформалардың жұмысы, жарияланатын ақпарат және шетелдік қызметтердің қолжетімділігі де қатаң реттеледі. Қазақстанның жаңа ережесінде мұндай ауқымды шектеулер қарастырылмаған. Соған қарамастан Қытай тәжірибесі интернетті техникалық басқару мүмкіндіктері ақпаратқа қолжетімділікті реттеудің кең жүйесіне қалай ұласуы мүмкін екенін көрсетеді.
Еуропа интернетті қалай реттейді?
Еуропалық одақта да интернет мемлекет бақылауынан толық тыс емес. Мұнда заңсыз ақпараттың таралуына тосқауыл қою, балалардың қауіпсіздігін қорғау, алаяқтықпен күресу және ірі онлайн платформалардың жауапкершілігін арттыруға арналған ережелер бар. Бірақ еуропалық тәсілдің Қазақстандағы жаңа тәртіптен елеулі айырмашылығы – интернетті реттеудің құқықтық рәсімдеріне және қабылданған шешімдердің ашықтығына басымдық берілуі.
2024 жылғы ақпаннан бастап Еуропалық одақта Цифрлық қызметтер туралы заңның негізгі талаптары толық қолданыла бастады. Бұл заң интернет платформаларына заңсыз контентке қатысты шағымдарды қарау, қабылданған шешімнің себебін түсіндіру және пайдаланушыға оған қарсылық білдіру мүмкіндігін беру міндетін жүктейді. Мысалы, әлеуметтік желі белгілі бір жазбаны өшірсе немесе парақшаға шектеу қойса, пайдаланушы оның себебін білуге және шешімді қайта қарауды сұрауға құқылы. Заңның 9-бабында мемлекеттік органдардың заңсыз ақпаратқа қатысты нұсқамаларына да талаптар белгіленген. Онда шектеудің құқықтық негізі, қандай ақпаратқа қатысты екені және шешімге шағымдану жолдары көрсетілуі тиіс.
Дегенмен Еуропалық одақтың бұл заңын Қазақстандағы телекоммуникация желілерін орталықтан басқару қағидаларымен тікелей теңестіруге болмайды. Біріншісі негізінен интернет платформалары мен онлайн қызметтердің жауапкершілігін реттейді, ал екіншісі байланыс инфрақұрылымын басқаруға арналған. Сондықтан олардың мақсаттары мен қолданылу аясы әртүрлі. Еуропалық тәжірибеден Қазақстан үшін маңыздысы – интернетке қатысты шектеулердің ашық әрі түсінікті рәсімдер арқылы қолданылуы. Азамат пен компания қандай шешім қабылданғанын, оның себебін және оған қалай шағымдануға болатынын білуі керек.
Еуропада интернетті реттеу мәселесі әлі де пікірталас тудырады. Бір тарап заңсыз ақпарат пен қауіпті контентке қарсы қатаң шараларды қолдаса, екінші тарап мұндай талаптар сөз еркіндігіне кері әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан интернетті реттеуде қауіпсіздік пен еркіндіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтау Еуропа елдерінің өзінде де өзекті мәселе болып отыр.
Қазақстандықтарды 15 қарашадан кейін не күтіп тұр?
Жаңа ереженің қарапайым пайдаланушыларға әсері бірден байқалмауы мүмкін. Құжатта азаматтарға қосымша міндет жүктеу, интернет үшін жаңа төлем енгізу немесе әлеуметтік желілерге жаппай шектеу қою туралы талап жоқ. Өзгерістер бірінші кезекте байланыс операторлары мен хостинг қызметін көрсететін компаниялардың жұмысына қатысты. Алайда интернеттің қалай жұмыс істейтіні, ақпараттың қандай жолмен жеткізілетіні және оған қолжетімділікті шектеу туралы шешімдердің қалай орындалатыны түптеп келгенде барлық пайдаланушыға әсер етеді.
Мәселенің тағы бір қыры – мемлекеттің интернетті басқару мүмкіндігі кеңейген сайын бұл жүйенің жұмысына қатысты қоғамдық бақылаудың маңызы артады. Қазақстанда интернетті шектеудің құқықтық негіздері бұрыннан бар. Жаңа бұйрық сол шектеулерді орындауға мүмкіндік беретін техникалық инфрақұрылымды кеңейтеді. Сондықтан өзгерістің ауқымын тек қанша оператордың жүйеге қосылатынымен өлшеу жеткіліксіз. Интернет ресурстарына қатысты нұсқамалардың қандай жағдайда берілетіні, олардың орындалуын кім бақылайтыны және негізсіз шектеуге ұшыраған азаматтар мен компаниялардың құқықтары қалай қорғалатыны да маңызды.
Бұл сұрақтарға жауап беру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік техникалық қызметтің қосымша түсініктемесі қажет. Әсіресе трафикті өңдейтін жабдықтың мүмкіндіктері, операторларға түсетін қаржылық жүктеме және интернетке қолжетімділікті шектеу туралы шешімдердің ашықтығы жөнінде нақты мәлімет жетіспейді. Жабдықтың техникалық талаптары толық жарияланбаған жағдайда оның пайдаланушылардың жеке мәліметтеріне қаншалықты қол жеткізе алатынын тәуелсіз бағалау да қиын.
Қазақстандағы интернеттің орталықтандырылған басқару жүйесі 15 қарашада жаңадан пайда болмайды. Мемлекет бұрыннан қолданып келе жатқан тетіктің ауқымын кеңейтіп отыр. Ресей мен Қытай тәжірибесі мұндай жүйелердің ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетсе, Еуропалық одақ шешімдердің ашықтығы мен оларға шағымдану тәртібіне көбірек көңіл бөледі. Қазақстан үшін де мәселе интернетті басқарудың техникалық мүмкіндіктерімен шектелмейді. Жаңа тәртіптің нақты салдары оның қалай қолданылатынына, байланыс сапасына ықпалына және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктеріне байланысты болмақ.