ҰҚК Шекара қызметі қазан айындағы жұмыс қорытындысын жариялады. Бір айда 3 318 құқық бұзушы ұсталған. Олардың 2 791-і – шетел азаматтары, деп жазады Ozgeris.info.
Сонымен қатар шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізуге қатысты 1 267 дерек анықталды. Заңсыз тасымалданбақ болған жүктің жалпы құны 2,1 миллиард теңгеден асады.
Каспий теңізінде браконьерліктің 119 дерегі тоқтатылды. Заңсыз балық аулау кезінде бекіре тұқымдас 187 балық тәркіленген. Олардың жалпы салмағы 933 келі. Сондай-ақ заңсыз балық аулауға арналған 88 шақырым ау тәркіленді. Алдын ала есептелген экологиялық шығын 413 миллион теңгеден асады.
Есепті кезеңде 47 қылмыстық іс қозғалды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұл көлемі 35 миллион теңгеден асты.