Жаңалықтар

Дрондар жер астын да зерттейді: «Қазақмыс» кеніштерде жаңа технологияларды қолдануда

Дрондар жер астын да зерттейді: «Қазақмыс» кеніштерде жаңа технологияларды қолдануда

«Қазақмыс» корпорациясы Ұлытау, Қарағанды және Абай облыстарындағы болашағы бар учаскелер мен қолданыстағы кен орындарында геофизикалық зерттеу жүргізуде. Жер қойнауының геологиялық құрылымын зерделеу және тау-кен жұмысын жоспарлау дәлдігін арттыру мақсатында электрлік және магниттік барлау, ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы түсірілім жасау және лазерлік 3D-сканерлеу сияқты заманауи технологиялар қолданылуда, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Жаңа бағыттың бірі – Ұлытау облысындағы Тасқұра учаскесінде электрлік барлау жұмысын жүргізу. Бұл зерттеуге «Қазақмыс» Тобының құрамына кіретін Qazaq Geophysics компаниясы кірісті.

Тасқұра кен алаңында жалпы ауданы 7,1 шаршы шақырымды құрайтын екі учаске зерттеледі. Мамандар аумақтың 500 метр тереңдіктегі геологиялық құрылымын зерделеп, мыс-сульфидті минералданудың болуы мүмкін екенін көрсететін аймақтарды анықтайды.

Электрлік барлау жұмысының жоспарланған жалпы көлемі 156 қума шақырымды құрайды. Оның 15 шақырымын 2026 жылдың соңына дейін, ал қалған 141 шақырымын 2027 жылы орындау көзделген.

Корпорацияның басқа да учаскелерінде геофизикалық зерттеу жұмысы жүргізілуде. Абай облысындағы Құсмұрын-Ақбастау кен алаңында жалпы көлемі 52,4 шақырым болатын электрлік барлау жұмысы аяқталды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 1 500 метрді құрайтын ұңғымаларда қосымша зерттеу жүргізу жоспарланған.

Қарағанды облысындағы Бұрнақ кен алаңында 702 шақырым жер үсті магниттік барлау және 10 шақырым электрлік барлау жұмысы жүргізілді. Қызыладыр учаскесінде геофизикалық зерттеу 19,5 шаршы шақырым аумақты қамтыды. Алынған дерек геологиялық карта мен аумақтың үш өлшемді моделін әзірлеуге пайдаланылады.

Саяқ кен алаңындағы Молдыбай учаскесінде 310 шақырым жер үсті магниттік барлау жұмысын қамтыған зерттеудің бірінші кезеңі аяқталды. Алынған дерек өңделгеннен кейін электрлік барлау жұмысының келесі кезеңін жүргізу жоспарланған.

Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – ұшқышсыз ұшу аппараттары мен үш өлшемді модельдеу технологияларын қолдану.

Қарағанды облысындағы Абыз кенішінде ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен ауданы 0,7 шаршы шақырымды құрайтын карьерге түсірілім жүргізілді. Жиналған дерек негізінде мамандар нысанның жай-күйін бағалау және кеніштің пайдалану мерзімін ұзартуға бағытталған алдағы жұмысты жоспарлау үшін үш өлшемді модель, жоспар және қима әзірлейді.

Жыланды кенішінің жер асты қазбаларында ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану арқылы лазерлік 3D-сканерлеу жұмысы жүргізілді. Алынған дерек тау-кен жұмысын талдау және жоспарлау үшін шахтаның жер асты кеңістігінің цифрлық моделін жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Құсмұрын-Ақбастау және Нұрқазған учаскелерінде топографиялық түсірілім жұмысы жүргізілді.

Заманауи геофизикалық технологияларды қолдану «Қазақмыс» корпорациясына жер қойнауының геологиялық құрылымы туралы неғұрлым толық мәлімет алуға, алдағы барлау жұмысының болашағы бар бағыттарын айқындауға және өндірістік шешімдердің ғылыми-техникалық негізділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу нәтижесі алдағы геологиялық барлау жұмысын жоспарлауға және корпорация кәсіпорындарының минералдық-шикізат базасын дамытуға пайдаланылады.

Барлық жаңалық