Экс-депутат Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі жазбасында Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болған Таңсауле Ғабдыманапұлы Серіковтің денсаулығына байланысты жағдайын айтып, қоғамды адамгершілік пен жанашырлық танытуға шақырды,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, ол осы аптада Талғар қаласындағы клиникалардың біріне барып, ұзақ уақыттан бері ауыр халде жатқан бұрынғы әріптесінің жағдайын біліп қайтқан.
«Таңсауле жыл басынан бері денсаулығына байланысты үлкен қиындықтарды бастан өткеріп келеді. Комаға түскен кездері де болды. Бірнеше күрделі ота жасалып, ұзақ уақыт төсек тартып жатты. Енді ғана есін жиып, басын көтеріп, сауығу жолына түсе бастады», – деп жазды экс-депутат.
Оның сөзінше, Таңсауле Серіков Мәжілісте қызмет атқарған кезеңде әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөліп, әсіресе мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында белсенді жұмыс істеген.
Атап айтқанда, Құрылыс кодексін талқылау кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру, ғимараттарда қажетті жағдай жасау жөнінде ұсыныстар енгізген. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестіктеріне қолдау көрсету мәселесін көтерген.
Цифрлық кодексті талқылау барысында да өз тәжірибесі мен кәсіби біліміне сүйене отырып, маңызды ұсыныстар айтқан.
Бақытжан Базарбек бұрынғы әріптесінің елге сіңірген еңбегін атап өтіп, қазіргі уақытта оған қолдау мен жанашырлық ауадай қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ бұрынғы және қазіргі депутаттарды, Таңсаулені танитын азаматтарды мүмкіндік болса, Талғарға барып, халін білуге шақырды.
Экс-депутаттың айтуынша, бірнеше күрделі операциядан кейін Таңсауленің емделуі мен оңалуына материалдық көмек те қажет болуы мүмкін. Алайда ол өзінің жағдайын ашық айтпауға тырысып жүрген көрінеді.
Жазбасының соңында Бақытжан Базарбек қоғамдағы маңызды бір мәселені де қозғады. Оның пікірінше, әрқайсымыздың ортамызда ауыр дертке шалдығып, төсек тартып жатқан туыстарымыз, достарымыз бен жақындарымыз бар. Күнделікті жұмыс, отбасы мен тіршіліктің қамымен жүріп, олардың жағдайын білуге уақыт таба алмай жатамыз.
«Ал төсек тартып жатқан адам үшін біреудің арнайы келіп, халін сұрауы – үлкен қуаныш, адамгершіліктің көрінісі, жылулықтың нышаны», – деген ол.
Экс-депутат елге еңбек сіңірген азаматтарды тек қызметте жүргенде ғана емес, қиындыққа тап болған сәтте де қадірлеп, қолдау көрсету қажеттігін еске салды.
«Бұл заманда адамгершілікті ұмытпайық, жүрегімізде жылулық отын әрдайым ұстайық», – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.