Алматыдағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде бір мезгілде бес жұп егіз сарбаз қызмет атқарып жүр. Сырт келбеттері бір-біріне ұқсас болғанымен, мінездері, қызығушылықтары мен болашаққа қойған мақсаттары әртүрлі, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Еліміздің әр өңірінен әскерге шақырылған он сарбазды туыстық байланыспен қатар, Отан алдындағы ортақ міндет біріктіреді. Бірі спортты ұнатса, енді бірі өнерге жақын. Олар әскери өмірдің қиындықтарын бірге еңсеріп, бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.
Ақтөбелік 19 жастағы Аман мен Есен Байдуллаевтардың арасы небәрі тоғыз минут. Әскери қызметке тез бейімделген бауырлар өздерін жауынгерлік міндетті орындау кезінде де көрсете білген. Атап айтқанда, есірткі заттарын тасымалдаған азаматты ұстау операциясына қатысқан.
Қызылордадан шақырылған 20 жастағы Нұртөре мен Жантөре Нұрылданың мамандықтары әртүрлі. Нұртөре дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болса, Жантөре фельдшер мамандығын меңгерген. Қазір екеуі де әскери борышын бір бөлімде өтеп жүр.
Түркістан облысынан келген тағы бір Аман мен Есен Сапаралылар өнерге жақын. Олар халық әндері мен термелерді орындағанды ұнатады. Бұл қабілет әкелерінен дарыған. Бір қызығы, олардың әкесінің де егіз інісі бар. Бауырлар 18 жасқа толғаннан кейінгі күні-ақ әскерге аттанған.
Тараздық 19 жастағы Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар да мектепті аяқтаған соң көп ұзамай әскери қызметке келген. Қазір олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысады. Сонымен қатар «Сарбаз 2.0» білім беру бағдарламасына өтініш берген. Жоба мерзімді әскери қызметтегі жастарға тегін білім алуға мүмкіндік береді.
Ал кентаулық Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер әскерге дейін Шымкенттегі «Мирас» университетінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» мамандығы бойынша білім алған. 19 жастағы бауырлар болашақта ұстаздық жолды жалғастырып, оқушыларға әскери істің қыр-сырын үйретуді жоспарлап отыр. Олардың отбасында тағы бір жұп егіз бар.
Осылайша, бір әскери бөлімде қызмет етіп жүрген бес жұп егіз үшін әскер ерекше тәжірибеге айналған. Олар ортақ міндетті атқара отырып, өзара қолдау көрсетіп, жауапкершілік пен тәртіпке үйреніп келеді.
Айта кетейік, жыл басынан бері Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындаған. Патрульдік-бекеттік қызмет барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың 300-і қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
Қазіргі уақытта бұл бағыттағы қызметке Ұлттық ұланның 10 мыңға жуық әскери қызметшісі жұмылдырылған. Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам ұландық қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 2 мыңнан астам әскери қызметші мемлекеттік маңызы бар нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетеді.