Қоғам

Қазақстан Жазушылар одағы қаралы хабар айтты

Қазақстан Жазушылар одағы қаралы хабар айтты

Айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп жазады Ozgeris.info. 

Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қаламымды қолға алып, 86 жасында бірегей тұлға, көрнекті ақын-импровизатор Надежда Лушникованың өмірден өткенін хабарлауға мәжбүрмін. Қазақ сөз өнерін қадір тұтатын жұртшылық арасында оның есімі көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді.

Мен үшін Надежда-апай ең алдымен жақын жан, бірнеше онжылдық бойы араласқан аяулы досым болды. Біз көп уақытымызды бірге өткіздік, күн сайын дерлік телефон арқылы сөйлесіп тұрдық», – деп жазды жазушы Исмаилжан Иминов қаралы хабарды көпшілікке жеткізіп.

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында туған. Қазақ арасында тәрбиеленіп, қазақша оқып, білім алған.

1961 жылы М.Мәметова атындағы педучилищені (Қызылорда), 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін (қазақ бөлімін) бітірді. Өлеңді жазып та, суырып та шығарады.

1963 жылы Қызылордада облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер болды. Шымкенттік Қалдыбек Әліқұловпен айтысы киноға түсірілді («Айтыс», режиссері Т.Дүйсебаев). Жамбыл аудандық (1965, 1978), Алматы облыстық (1977, 1979) айтыстарына қатысып, әріптестерін жеңді.

1963–1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспа редакторы, мектепте мұғалім болған.

1985 жылдан Жамбыл ауданындағы Ү.Кәрібаев мұражайының директоры. Алғашқы өлеңдері Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде 1958 жылы жарияланды.

Өлең-жырларының жинағы екі дүркін жеке жинақ болып («Елім менің», 1962; «Көңіл хошы», 1970) басылды. Соңғы жинағы үшін Қазақстан комсомолының сыйлығы берілді.

Барлық жаңалық