Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамыту өзге тілдердің өркендеуіне тосқауыл болмауы керектігін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік тіл – ел бірлігін нығайтатын басты фактор, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Президент Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында мемлекеттік тілдің маңызына тоқталғанын еске салды. Сонымен қатар ана тілін басқа тілдерге қарсы қоюға болмайтынын атап өтті.
Мемлекет басшысының пікірінше, тіл мәселесін пайдаланып, қоғамда жанжал мен алауыздық тудыруға тырысатындарға заң аясында жауапкершілік жүктелуі керек.
«Кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақтың тілі ретінде дамыту қажеттігін айтты. Сондай-ақ ана тіліміздің әлем жұртшылығына тартымды болуы маңызды екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы халықтың тұтастығын сақтау, өзара құрмет пен сыйластықты нығайту ел дамуының маңызды шарты екенін атап өтті.
«Бірлік бар жерде тірлік бар. Бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет», – деді Президент.