Наташа Қалымбетова қызымен бірге АҚШ-тан Тайландқа ұшып барып, ұлымен қауышқан. Ұзақ сапарға шамамен 20 сағат жұмсалған. Олар Оңтүстік Корея арқылы ұшып, жолда бір рет аялдаған, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Тайландқа жеткен соң оларды Наташаның ұлы қарсы алған. Айтуынша, алғашқы кездесудің өзі жылы әрі әсерлі өткен. Отбасы мүшелері бір-бірімен тез тіл табысып, бірден жақын араласып кеткен.
Наташаның сөзінше, қызы мен ұлының жас айырмашылығы 10 жыл болғанымен, екеуі ортақ тіл тауып, ұзақ әңгімелескен. Тіпті, қызы оған хабарлама жазып, ұлын жақсы тәрбиелегені үшін алғыс білдірген.
«Екеуі бір-бірімен әңгімелесіп, бір-бірінен жақын жан тапқандай болды. Ең бастысы, үшеуіміз де бір-бірімізге ұқсаймыз», – дейді Наташа Қалымбетова.
Сондай-ақ ол қызының Азия аралдарында бұрын-соңды демалып көрмегенін айтып, оған Тайландты көрсетуді жөн көргенін жеткізді.
Қазір үшеуі бір ғимараттан жеке бөлмелер жалдап, елді аралау үшін көлік те алған. Наташа алдағы уақытта қызымен және ұлымен бірге Тайландтың көрікті жерлерін аралап, демалысты қызықты өткізуді жоспарлап отыр.