«Қазақстан барысының» үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев журналист Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында спорттық мансабындағы басты өкінішін ашық айтты. Оның сөзінше, жетістікке жету жолында тәртіпке салғырт қарауы көптеген мүмкіндікті жіберіп алуға себеп болған деп жазады Оzgeris.info.
Палуан чемпион атанғаннан кейін көп спортшы өзін үнемі құрметтеп, төрге шығарады деп ойлайтынын атап өтті. Алайда бұл түсініктің уақытша екенін өзі кеш ұққанын жасырмады.
«Қазір спортшылармен сөйлескенде осы ойды жиі көремін. Чемпион болсам, бәрі мені сыйлайды деп ойлайды. Мен де солай сендім. Бірақ өмір басқаша екен», – деді Ыстыбаев.
Сонымен қатар ол спортшылардың мінезі күрделі, тез ренжитін болатынын да тілге тиек етті. Айтуынша, олармен тіл табысу үшін жылы сөз бен дұрыс қарым-қатынас аса маңызды.
«Қатқыл сөйлессең, ешкім қозғалмайды. Ал жұмсақ, сыйластықпен айтсаң, тапсырманы орындауға дайын тұрады. Мұндай кезеңнен бәріміз өттік», – дейді балуан.
Бейбіт Ыстыбаев жастардың уақыттың қадірін көбіне кеш түсінетінін айтып, жеке тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, әлем чемпионы атануға нақты мүмкіндігі болғанымен, жастықтың салғырттығы мен өзіне тым сенімділігі кедергі келтірген.
«Жаттығуды да дұрыс істемедім, кейде керек жерге бармай қалатынмын, тіпті ұйықтап қалатын кездер болды. Жаттықтырушым “сенің де орныңды басатын адам табылады” деп жиі ескертетін. Ол кезде ауыр қабылдайтынбыз. Негізінде, спортта тәртіпке бағынған адам ғана шыңға шығады», – деп қорытындылады ол.